Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды, деді президент.
ERNUR.KZ. Президент Алматыдағы ғалымдармен өткен кездесуде ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайтынын айтты, деп жазады sputnik.kz.
"Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді. Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады", - деді президент.
Мемлекет басшысы бұл халқымыздың тұрмысына кері әсер ететінін атап өтті. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін.