Жаңа заң бойынша мектеп оқушыларына сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынады.
Фото: akorda.kz
Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Заң парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Жаңа заң бойынша мектеп оқушыларына сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынады.
"Қысқа мерзімді оқу жоспарларында білім беру мақсатында көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында оқушылардың сабақ кезінде ұялы байланыс құрылғысын пайдалануына тыйым салынады", – делінген құжатта.
Заңдағы түзетулерге сәйкес енді ЛГБТ өкілдерінің жетім балаларды асырап алуына және тәлімгерлікке алуына тыйым салынады.
Заң бойынша жетім балаларға тәлімгер бола алмайтындар:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ және кәмелетке толмаған адам;
- сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адам;
- сот жұбайын әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адам;
- сот ата-ана құқығынан айырған немесе ата-ана құқықтарын шектеген адам;
- Қазақстан Республикасының заңымен өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адам;
- денсаулығына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адам;
- тұрақты тұрғылықты жері жоқ адам;
- дәстүрлі емес жыныстық бағытты ұстанушы адам;
- тәлімгер болып тағайындалған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;
- тәлімгерлікке алу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін кірісі жоқ адам;
- наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адам;
Сондай-ақ құжатта жаңа ықшам аудандарда көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде, құрылыс жобалау құжаттарында әлеуметтік маңызы бар - білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің міндетті түрде болуын ескеру туралы норма енгізілген. Яғни, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін салу жоспарланған болмаса, онда бұл аумақта көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады. Заңда балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз ету талабы жазылған.
Жаңа заң жобасы мемлекеттік мектептер мен колледждерді жекешелендіруге тыйым салады.
"Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары мүліктік кешендері жекешелендіруге жатпайды", - делінген құжатта.