Алматының индустриялық аймағында Chery, Changan, Haval автомобильдерін шығаратын толық циклді мультибрендті зауыт салу жоспарлануда.
ERNUR.KZ. Кәсіпорын көліктерді тек ұсақ торапты әдіспен өндіріп, шанағын дәнекерлеу және бояу жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай Астана Моторс пен қытай компаниялары арасында үш меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Қазақстанның машина жасаушылары форумы аясында ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Автомобиль жасауды дамыту мәселелеріне арналған секциялық отырыс барысында Олжас Сапарбеков салада жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. Бүгінде кореялық Yongsan компаниясымен Hyundai Accent және Hyundai Tucson модельдеріне арналған автомобиль орындықтарын өндіру бойынша бірлескен жоба пысықталуда.
Сонымен қатар, «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауытында шығарылатын Hyundai Accent, Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Hyundai Elantra модельдеріне мультимедиялық жүйелерді орнату үшін MOTREX компаниясымен жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар шығарылатын модельдердегі қазақстандық қамту үлесін және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Машина жасау технологиялық тұрғыдан өнеркәсіптегі ең күрделі салалардың бірі. Машина жасауда бір жұмыс орнын құру өзге байланысты салаларда алты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Саланың маңызды бағыттарының бірі - автомобиль жасау.
«2010 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль жасау машина жасаудың барлық саласының ішінде небәрі 5% - ын құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша автоөнеркәсіптің үлесі 32,1% - ға дейін артты. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 37,5% - ға жетті. Нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде автоөндірушілер саны артып, үнемі салық түсімдерін қамтамасыз ететін сала қалыптасты», - деді Олжас Сапарбеков.
Спикер өз сөзінің соңында Министрліктің қызметі өңдеу өнеркәсібі салаларын кешенді дамытуға бағытталғанын атап өтті.
«Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру және көлік құралдарына компоненттерді өнеркәсіптік құрастыру туралы жаңартылған келісімдерді енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, оқшаулауды бағалаудың балдық жүйесі енгізілді, осылайша ұсынылатын преференцияларды тиімді пайдалануға және бөлуге мүмкіндік бар»,-делінген ҚР ИИДМ Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.