Қылмыстық істі тергеу 8 айға созылды.
ERNUR.KZ. Атырауда мұздатқышта өлген сәбиге қатысты сот басталды. Айыпталушылар орындығында перинаталдық орталықтың экс-басшысы бастаған бес адам отыр, деп хабарлайды ktk.kz.
Атышулы істі тергеу 8 айға созылды. Басты айыпталушы – жаңа туған шақалақты тірідей мұздатқышқа салуға бұйрық берді делінген перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев.
Оған «адам өлтіру», «бюджет қаржысын талан-таражға салу», «пара беру», «пара алу», «қызмет бабын асыра пайдалану» сияқты 8 баппен айып тағылған. Прокурорлар акушер-гинеколог пен акушерді «топтасып, қасақана кісі өлтірді» және «мәліметтерді бұрмалады» деп айыптап отыр. Ал екі неонатолог дәрігер аталмыш қылмыстарды құзырлы орындарға хабарламағаны үшін жауапқа тартылуда.
Бүкіл елді дүрліктірген жағдай былтыр қыркүйекте әшкере болған еді. Басқа бір іс бойынша күдікке ілінген Нысанбаевтың телефонын тыңдауға алған ұлттық бюро қызметкерлері бұл жантүршігерлік қылмысты кездейсоқ естіп қалады. Мекемеге жедел жеткенімен, орталық есігі ашылып болмапты. Осының кесірінен бас дәрігердің қанды бұйрығы іске асып үлгірген. Ал мәліметті өзгертуден қашып, тірі туған сәбиді тоңазытқышқа салуды бұйырған Нысанбаевты бірер сағаттан соң сауналардың бірінен тұтқындады. Осы секілді эпизодтардың көптігінен сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін.
- Болашақта қандай бағыт алатынын қосымша хабарлайтын боламыз. Бұл енді ұзаққа созылуы мүмкін. Өйткені қоғамдық резонанс тудырып жатқан іс. Өйткені сот барлық істердің анық-қанығына жетуі керек. Әрбір сотта адамның тағдыры шешіледі. Оған атүсті, аяқ асты қарауға болмайды. Сот үкімі шыққанша, олар қылмыскер болып саналмайды, қазір олар – күдіктілер, айыптылар, - дейді Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.