Зауыт құрылысы биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі деп болжанып отыр, өндіріс қуаты жылына 7000 тонна желатинді құрайды.
Түріктің Iskefe Holding компаниясы Қазақстанда ІҚМ терісін өңдеуге және желатин өндіру зауытын салуға 27 млн. АҚШ доллар инвестициялайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жақында президенттік делегация құрамында Түркияға жасаған сапары барысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Iskefe Holding компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар Алматы қаласында компанияның желатин өндіру зауытын салуды инвестициялауы туралы келісті. Жоспарланған инвестиция көлемі 27 млн. АҚШ доллары. Жобаны іске асыру мерзімі 2022-2023 жыл деп жоспарланып отыр. Жоба аясында 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын индустриялық аймағында іске қосылады, ал шикізат ретінде ірі қара мал терісі пайдаланылатын болады.
Зауыт құрылысы биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі деп болжанып отыр, өндіріс қуаты жылына 7000 тонна желатинді құрайды.
Елімізде теріні бастапқы өңдеу бойынша 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ, өңдеуші кәсіпорындар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ІҚМ өңделмеген терілерін сатып алу үшін бәсекеге қабілетті баға ұсына алмауда. Ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтар жануарлардың терісін қоқысқа тастайды, ал бұл өз кезегінде аса қауіпті ауруларының таралу қаупін тудырады. 7000 тонна желатинді өңдеу үшін шамамен 38 мың тоннаға жуық шикізат (тері) қажет.
Айта кету керек, түрік холдингінің құрылымына теріні өңдейтін, желатин, протеин, гидролизат, жануарлардан алынатын сұйық аминқышқылдарын өндіретін 7 зауыт, сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталығы мен сынақ зертханалары кіреді. Бүгінгі күні Iskefe Holding былғары саласындағы интеграцияланған ірі өндіруші, оның үлесіне Еуропа мен Азиядағы өткізу нарықтарымен сиыр желатиніне әлемдік қажеттіліктің 6% - ы тиесілі.