Денсаулық сақтау министрі бірнеше күн бұрын ата-анасымен кездескен.
Фото: Instagram/erbayan2024
ERNUR.KZ. Әскерде жүріп мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтар емін елдегі Ұлттық медициналық орталықта жалғастырып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жас жігіттің жағдайы туралы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың жағдайын бақылап отыр.
«Мен бірнеше күн бұрын ата-анасымен кездестім. Негізі жағдайы тұрақты. Қосымша медициналық оңалту қызметтерін алу қажеттілігіне байланысты Ербаянды күні кеше Ұлттық медициналық орталығына жатқыздық. Қасында әкесі бар. Қазір науқас тиісті көмекті алып жатыр», - деді Әлназарова Үкіметте өткен брифингте.
Осы орайда журналист министрден «Дәл қазіргі уақытта белгілі болған жағдай бойынша Қазақстанның медицинасы Ербаян Мұхтарды аяққа тұрғызып жіберуге қауқарлы ма?» деп сұрады.
«Бүгінгі таңда оның диагнозы өте қиын. Бұл жерде жарақатпен бірге инфекцияның болғанын да айта кету керек. Ол Түркияға барып келді, қазір біз өзіміз тағы қосымша қарап жатырмыз. Қажет болса, тиісті көмекті одан әрі Түркияда немесе басқа мемлекетте жалғастыру үшін тиісті ұйымдастыру жұмыстарын біз ата-анасымен талқыладық. Олар Қазақстанда тиісті көмек алуға өздерінің келісімін берді. Біз енді қазір алдын ала болжам жасамай-ақ, көмекті толыққанды алып жатқанын айтқым келеді», - деп жауап берді Әлназарова.
Естеріңізге салайық, Ұлттық ұлан өкілдері әскери борышын өтеп жүрген Ербаян Мұхтар дәретханада құлап қалып, жарақат алғанын мәлімдеген еді. Алайда жігіттің ата-анасы бұған сенбейді. Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауруханаға түскен, оған 5 рет ота жасалды. Осы жылдың басында ол Түркияда емнің бірінші кезеңін аяқтап, елге оралған.