Ауылда тұратын келіншек біреумен ренжісіп қалса, бірден сол адамның үйін өртеп жібереді екен.
иллюстрациялық фото
Астана маңындағы Ақкөл жұрты сол ауылда тұратын келіншектің біреумен ренжісіп қалса, бірден сол адамның үйін өртеп жіберетінін айтады. "Үй өртегіш" деген лақап ат иемденген тұрғын осы уақытқа дейін он шақты үйдің күлін көкке ұшырған көрінеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ақкөл елордадан 112 шақырым жерде орналасқан, 14000-ға жуық халқы бар шағын қала. Қала тұрғындарын бір мәселе алаңдатып отыр. 3-4 жылды болды, Гуля келе жатыр десе, зәре құты қашады. Ол ашуланса, түн ішінде есікті сындырып кіріп, іштен от қояды. Тіпті жергілікті мекенде "үй өртегіш" деген лақап ат та иемденген.
Тұрғындардың сөзінше "үй өртегіш" әйел сөзге келіп қалғандарды аямайтын көрінеді. Ал Андрей есімді азаматтың баспанасына бір емес, үш рет от қойған. Бүгінде аман қалған кіре берісте түнеп жүр.
"Бірінші рет кіреберіске от қойды. Бірақ өзі өрт сөндірушілерді шақырды. Екінші рет талпынғанда менің көршілерім қуып жіберіпті. Ал үшінші рет осы қаңтарда үйді өртеп жіберді. Үйімнің сау-тамтығы қалған жоқ. Полицейлер 400 мың теңге өтейтінін айтқан. Бірақ хабар жоқ", - дейді Ақкөл қаласының тұрғыны Андрей Коплин.
Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған көршілер таңды үреймен атырады. Жергілікті полицейлер де, әкімдіктегілер де тұсау салмай отыр деп шырылдады жиылған жұрт.
"Ешқайда тіркелмеген. Ол оказывется ауру емес. Оны сол күні апарып қамайды. Екінші күні жібереді. Неге екені белгісіз", - дейді Ақкөл қаласының тұрғыны Несібелі Қаңқабаева.
Жергілікті полиция департаменті тергеу жұмыстарының әлі аяқталмағанын жеткізді. Сөздеріне сенсек сезіктіні психо-неврологиялық диспансерге жіберген.
Аталған қылмыс бойынша полицияның сезіктеніп отырған тұлғасы 52 жастағы әйел адам. Осы Ақкөл қаласының тұрғыны. 8 қыркүйектен бастап, мәжбүрлі түрде психо-неврологиялық диспансерде емдеуге жіберілді. Мен қазіргі таңда ол кісіні кінәлі деп айта алмаймын. Қазір сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Күдікті былтыр да бүтін бір үйді өртегенін толық мойындаған. Алайда сот үкімі 3 жылға шартты түрде ғана бас бостандығынан айырыпты. Бәрі заң аясында шешілді деді жауаптылар. Ал біз жапа шеккендерге әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетілетіні жайында анықтап білдік.
"Жапа шеккен тұрғынға көмек ретінде біздің тараптан 150 мың теңге беріледі. Қазіргі таңда шығын мөлшерін есептеу жұмыстары жүргізілуде. Үйдің толық жөндеу жұмыстарының шығынын өтеу үшін бюджеттен арнайы ақша бөлінбейді. Демеушілердің көмегіне жүгінеміз", - дейді Ақкөл қаласының әкімі Анатолий Хрип.
"Үй өртегіш" әйелдің неліктен мұндай әрекетке баратынын ешкім білмейді.
Ал психологтар мұны бала күнгі психологиялық соққымен байланыстырады.
"Мұндай іс-әрекеттер адамның психикалық ауытқуына байланысты болады. Бір рет, екі рет емес, төрт реттен көп қайталанып жатса онда ол адамның басында одан басқа іс-әрекеттің жолы жоқ деген сөз. Мүмкін әрине балалық шақта бірдеңе болған шығар. Бірақ оның неден басталғанын зерттеу керек", - дейді психолог Индира Әшімхан.
Түн ұйқымызды ұрлаған Гүля диспансерден шыққан соң тағы ауылдың шырқын бұзбай ма деп уайымдап отыр ақкөлдіктер. Ал жапа шеккен азаматтардың шығынын, әкімдік демеушілер арқылы өтеуге тырысамыз деп уәде етті.