Үкіметтің бюджет туралы есебін мақұлдауға 12 депутат қарсы шықты

0
538

Есепті мақұлдауға отырысқа қатысқан 94 депутат дауыс беруі тиіс еді.


Үкіметтің бюджет туралы есебін мақұлдауға 12 депутат қарсы шықты

ERNUR.KZ. Мәжіліс Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін мақұлдады, деп жазады ulysmedia.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованың 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды.

Есепті мақұлдауға отырысқа қатысқан 94 депутат дауыс беруі тиіс еді. Дегенмен, 2 депутат дауыс берген жоқ. 73 депутат қолдаса, 12 депутат қарсы болды және 7 депутат қалыс қалды.

«Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келе жатырмыз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретін - тек баяндамашылар және сұрақ қоятын адамдар. Енді біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы біліп отырмыз. Ол туралы бүгін айтылды. Бюджет 8 рет түзетудің және бір рет нақтылаудың арқасында қол жеткізді деген әңгіме бүгін айтылды. Бюджет осы бір жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Енді осындай тырнақшаның ішіндегі тамаша цифрдың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант бар. Мен тек бір салаға ғана қатысты айтып отырмын. Мұндай мысалды басқа да салалардан көптеп келтіруге болады», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Оның атап өтуінше, мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Мәжіліс спикері үкімет мүшелеріне бұл көрсеткіштер адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін ескертті.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қазақстандықтардың төлем қабілеті төмендеп, жәрдемақыға тәуелділігі артқанын айтты.

Ал депутат Аманжол Әлтаевтың халық қалаулыларының үкімет мүшелеріне жолдаған сауалдары көбіне назарсыз қалатынын сынға алды. Оның сөзінше, депутаттық сауалдың астында халықтың талап-тілегі жатыр.