Ұлт құндылықтары – барша қазақстандықтарға сыйлы ұғым

0
773

Қазақтың таным-түсінігіне өзге этнос өкілдерінің көзқарасы қандай?


 Ұлт құндылықтары – барша қазақстандықтарға сыйлы ұғым

Жер бетіндегі әрбір халықтың табиғатына тән менталитеті, ата-бабасынан ғасырлар бойы мұра болып жеткен әдет-ғұрпы мен салт дәстүрі болатыны белгілі. Солардың арасында қазақ жұртының да біз атап өткен құндылықтары әлем елдеріне әйгілі деп айта аламыз. Сонымен бірге, біздің баға жетпес бұл рухани байлықтарымыз өзге этнос өкілдерінің ерекше құрметіне де ие болып келеді. Сөзімізді қуаттай түсу үшін ортақ Отанымыз – Қазақстанда өмір сүріп қана қоймай, қоғамның дамуына белсене атсалысып, көпшілікке танылған азаматтарды әңгімеге тартып көрдік.


Олардың алғашқысы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских болды.

«Қазақ халқының менталитеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі біріншіден барша қазақстандықтардың ажырамас бөлігі болып саналады. Себебі, еліміздегі қай этнос өкілдерін алып қарасақ та, олар әрдайым өзіңіз атап өткен қазақ жұртының рухани құндылықтарын, тілі мен дінін сыйлайтыны сөзсіз. Біз де, яғни Сенатқа Қазақстан халқы Ассамблеясынан тағайындалған 5 депутат өзге этнос өкілдері болып саналғанымызбен, қазақтың құндылықтарын ерекше құрметтейміз. Тіпті, кейде сол салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды өз өмірімде де қолданамын», - деді Геннадий Геннадьевич.


Сондай-ақ, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының президенті Эдуард Полетаев та қазақ халқының менталитеті мен салт-дәстүрлеріне оң көзқараспен қарайтынын айтып жеткізді.

«Мен қазақ халқының менталитеті мен салт-дәстүрлеріне оң көзқараспен қараймын. Оның үстіне, мен Қазақстанда туып-өстім. Бұл құндылықтардың барлығы әлемде не болып жатқанына қарамастан, адам өмірінің маңызды бөлігіне айналып, ерекше әсер етеді. Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар маңыздылығы айрықша. Өйткені, бұл – кез-келген халықтың ерекшелігі, өмір салты мен мәдени құндылықтардың кілті болып саналады. Қазақ халқының көп ғасырлық тарихы, бай мұрасы бар. Сондықтан бүгінгі қоғамды жаңғырту үдерістеріне қарамастан, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жойылмайды. Керісінше, оларды сақтау нығайып, күшейе түседі. Қазақ халқының менталитеті батыстық индивидуализмге қарама-қарсы. Яғни, оған ұжымшылдық, гуманизм, қоғамдық пікірді ескеру, адамдар ортасында болуға бейімділік, қонақжайлылық, үлкендерді құрметтеу тән. Мұның барлығы ұзаққа сақталатын және насихатталатын жақсы қасиеттер», - дейді ол.


Расында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасы еліміздегі барша этнос өкілдерінің де өміріне тереңдей еніп кеткен. Тіпті, кейбір өзге ұлт өкілі болып саналатын отандастарымыз қазақы қалыппен күн кешіп те жүр. Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Максим Споткайдың мына пікірінен ұғынуға болады.

«Әлбетте қазақ халқының менталитеті, сал-дәстүрлеріне үлкен құрметпен қараймын. Жалпы алғанда, әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген ұғымдар бізді біріктіретін бірден-бір құрал. Біздің әдет-ғұрпымыз, түсінік-танымымыз – түгелдей осы бірлік пен сыйластық философиясына құрылған. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, отбасы идеологиясы – бәрі-бәрі осы татулық пен бірліктің бастауы. Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – салт-дәстүрдің ұлтты қалыптастыру жолындағы ең тиімді құралдардың бірі екендігі. Қазақ халқының салт-дәстүрі өз алдына уникум болып келеді. Тереңдеп қарайтын болсаңыз, адамды сыйлауға, экологияны құрметтеуге, табиғатпен тығыз байланыс орнатуға баса мән беріледі. Адалдық, әділеттілік, іске, сөзге берік болу секілді асыл қасиеттер де осы дәстүріміздің, ғұрыбымыздың ішіне қаланған құндылығымыз. Сондықтан, оны жаңғырту, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу үшін бар күшімізді жұмсауымыз керек. Абайша айтқанда, бұл біздің «толық адам» болуымыз үшін ең керекті дүние. Мен де осы менталитет, осы таным-дәстүрдің ажырамас бөлігімін деп есептеймін», - дейді Максим Споткай.


Қорыта айтсақ, халқымыздың салт-санасы тек қазақ ұлтына ғана емес, күллі қазақстандықтарға ортақ ұғым. Сондықтан, бұл рухани құндылықтарға құрмет көрсетіп, келешек ұрпаққа осы қалпында аманаттау да ортақ парызымыз.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ