"Ұлтты масқаралау": Медеудегі аспалы жол кабинасына "тас" лақтырған жастардың әрекеті жұртты ашуландырды

0
207

Алматы полиция департаменті бұл факті бойынша Медеу аудандық ішкі істер бөлімі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Медеуде бір топ жігіттің аспалы жолға тасқа ұқсайтын заттарды лақтырып жатқаны түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Бұзақылар кабиналарды арнайы көздеп, қатты айғайлап, балағат сөздер де айтқан. Қазақстандықтар жастардың бұл әрекетін айыптап, шағымданды, деп жазады stan.kz.

Кадрдан бір топ жастың аспалы жол кабинасына кезек-кезек "тасқа ұқсас зат" лақтырғанын көруге болады.

"Осындай мәдениетсіздік пен жабайы әрекеттерді көргенде халқымыз үшін ұялып кетесің. Бұлар болашақта кім болып шығады? Кімге тәрбие береді?", "Бұл өте жаман. Олар кабинаның ішіндегі адамдарды қорқытып, кабинаны шайқалтуы мүмкін еді. Бұл тыйым салынған және қауіпті әрекет. Мұның соңы апатқа әкелуі мүмкін еді”, - деп жазды қолданушылар.

"Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының директоры Ринат Әбдірахманов оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Бүгінгі таңда кейбір жастардың мәдениет пен құрметтің мағынасын жоғалтып, ашықтан-ашық жабайылыққа дейін төмендеп бара жатқаны қатты ашындырады... Бұлар тек адамға немесе мүлікке қастандық жасап тұрған жоқ- олар біздің ұлттық имиджімізге зиян келтіруде. Бұл – ұлтты масқаралау"
, – деп жазды Абдрахманов өзінің Instagram парақшасында.

Алматы полиция департаменті бұл факті бойынша Медеу аудандық ішкі істер бөлімі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Құқық бұзушылар міндетті түрде анықталып, тиісті жауапқа тартылады", – делінген полиция хабарламасында.