Мемлекет басшысы Қарағанды жұртшылығымен кездесу кезінде ауылдық елдімекендерді дамыту міндеті жолға қойылғанын айтқан еді.
Еліміздің әр өңірін дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда біршама уақыт бұрын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасамақпыз.
АУЫЗСУ – ҚАШАН ДА МАҢЫЗДЫ
Қарағанды облысының халқын сапалы ауыз сумен және тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 27 жобаны іске асыру көзделген. Бұл салаға бөлінген қаражатқа 193,4 шақырым (қала аумағында – 85,7 шақырым, ауыл аумағында – 107,7 шақырым) су құбыры мен кәріз желілерін салу және реконструкциялау жоспарланған. Аталған іс–шараларды іске асыру арқылы халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін орта есеппен 95,5 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 94,8 пайызға тең болған. Жалпы, 2025 жылға дейін өңір халқын толықтай ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Атап өтсек, өңірдегі ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 91,4 пайызға шешілген. Бұл тұрғыда ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге арнайы 20 жоба әзірленген. Кейбір ауылдарда жаңа су құбыры желілері салынып жатса,тағы бір елдімекендерде су желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетсек, мемлекет басшысы Қарағанды жұртшылығымен кездесу кезінде ауылдық елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті жолға қойылғанын айтқан еді.
Қарағанды облысындағы ірі жобалардың бірі – Жарлы-Қарқаралы су құбыры. Бүгінгі таңда тартылатын 38,2 шақырымның 21 шақырымы тартылған. Сонымен қатар, 300 адамтұратын Бұқар Жырау ауданы, Қаражар ауылдық округінің Асыл ауылындағы ауызсу мәселесін шешу мақсатында инженерлік желілер дайындалып, іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Шет ауданының Бұрма ауылында да су құбырының 90 пайызы тозып, апаттардың жиілеуіне себеп болып келген. Зерттеу нәтижесінде құбырларды ауыстыру туралы шешім қабылданып, осы уақытқа дейін 24 шақырымға жуық құбырдың 20 шақырымы ауыстырылды. Қалған жұмыстар келесі жылы аяқталып, 1300 адам сапалы ауызсуға қол жеткізеді.
ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ
2022 жылы Қарағанды облысын жылумен жабдықтау саласында 8 жоба іске асырылып жатыр. 10 шақырымнан астам жылу желілерін салу және реконструкциялау, Саран қаласының орталықтандырылған қазандығын салу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 10 шақырымға жуық жылу желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары атқарылған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде өңірдің 82 мыңға жуық тұрғынын жылумен жабдықтау сапасы жақсармақ.
ТҰРҒЫНДАР ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ
2021 жылдың қазан айында Қарағанды облысындағы Теміртау және Қарағанды қалаларында алғашқы іске қосу кешендерінің газ тарату желілерін салу жұмыстары аяқталған болатын. Жаңадан салынған газ тарату желілері 2133 жеке тұрғын үйге жеткізіліп, 326 үй газбен қамтуға қосылған. Қарағанды қаласы аумағында екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақындаса, Теміртау қаласында екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған. Бүгінгі таңда салынған желілерді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ сенімгерлік басқарына беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Екінші іске қосу кешендері шеңберінде екі қаладағы 3 872 жеке тұрғын үйге 2022 жылдың соңына дейін қосымша газ тарату желілері тартылатын болады.
Өңірдегі Саран қаласында да газ құбырын салу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Облысты газдандыру көрсеткішін арттыру мақсатында Осакаров ауданы, Осакаровка кентінде және Шахтинск қаласында газ тарату желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Жобаларға арналған қаржы бөлінсе, 2023 жылы газ желілерінің құрылысы басталады.
Сонымен қатар, Бұқар Жырау, Шет аудандарын газдандыруға қосымша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
ҚАРАҒАНДЫ ЖОЛДАРЫ ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, 2022 жылы Қарағанды облысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесінің көрсеткішін 89 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бүгінгі таңда облыс бойынша жергілікті маңызы бар 531 шақырым автожолға қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бастапқы көрсеткішке жол-құрылыс маусымы аяқталғаннан кейін, яғни 2022 жылдың соңына қарай қол жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, биылғы жылы қашықтығы 200 шақырымды құрайтын Қарағанды – Қарқаралы жолының көптен күткен жөндеу жұмыстары басталды. Бұған дейін бұл жолдың 84 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда болған. Жол құрылысшылары 10 шақырымды ретке келтіріп үлгерді. Қалған 74 шақырым жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.
Атап өту қажет, Қарағанды өңіріндегі жолдарды жөндеу бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесу барысында нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарқаралы – Қарағанды, Қарағанды – Жезқазған және Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал жолдарының сапасы жақсаратын болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы нақты мерзім белгілеп, екі жыл ішінде Қарағанды – Қарқаралы және Қарағанды – Жезқазған трассаларын жөндеу қажеттігін тапсырған.
Жалпы, Қарағанды облысының Республикалық маңызы бар жолдарының жалпы ұзындығы 1854 шақырымды құрайды. Оның 828,4 шақырымы немесе 44,7 пайызы қанағаттанарлық деңгейде.
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Қарағанды облысында жаңа жұмыс орындарын құруға да ерекше назар аударылып отыр. Дәлірек айтсақ, 2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 5 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Жоспарға сәйкес, Қарағанды облысында құны 221 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі жоба жүзеге асырылады. Өңір басшысының айтуынша, ол үшін екі мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жалпы, жыл басынан бері облысқа 202 миллард теңге инвестиция тартылған. Ұлытау облысының бөлініп шығуы аймақтың экономикалық өсіміне әсер етпейді.
Айта кетсек, 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде 41 мың адам жұмыспен қамтылады. Өңірдің жұмыссыз азаматтары «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын пайдалана алады. «Жастар тәжірибесі» жобасына колледждер мен жоғары оқу орындарының 29 жастан аспаған түлектері қатыса алады. Биыл бұл бағдарлама бойынша 700-ден астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Жастар тәжірибесінен өту ұзақтығы 12 айға дейін созылады. Жұмысшыларға 30 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Ал, «Бірінші жұмыс орны» жобасына жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер немесе халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыздар, сондай-ақ NEET санатындағы 29 жастан аспаған жастар қатыса алады. Бұл ретте жобаға қатысушылар 18 ай ішінде мемлекеттен 30 АЕК мөлшерінде субсидияланған жалақы алатын болады. Жыл басынан бері өңірде осы бағдарлама бойынша 40 адам жұмысқа орналастырылған. Жыл соңына дейін бағдарламамен 238 адамды қамту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, зейнеткерлік жасқа жетіп жұмыс істеп жүрген қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін өңірде «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылуда.