Ұлыбританиядан Қазақстанға 17 құпия құжаттың көшірмесі жеткізілді

0
267

Құнды қағаздар ағылшын тілінде жазылған.


Ұлыбританиядан Қазақстанға 17 құпия құжаттың көшірмесі жеткізілді

ERNUR.KZ. Ұлыбританиядан Қазақстанға 17 құпия құжаттың көшірмесі жеткізілді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сарғайған қағаздарда түркі әлемінің көсемі атанған Мұстафа Шоқай жазған дүниелер де бар. Құжат көшірмелері қазір Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында сақтаулы тұр. 1919 жылы Тбилиси қаласынан шыққан «Слова» газетінде Мұстафаның өткір ойлары басылған. Бұл деректер 50 томнан тұратын 1920 жылғы «Хат алмасулар» құжатынан табылды.

Шаң басқан архивтегі құжаттардан құнды дерек табылды. Бұл Мұстафа Шоқайға байланысты. Мамандардың айтуынша құпия құжат көшірмесі елге алғашқы рет жеткізіліп отыр. Құнды қағаздар ағылшын тілінде жазылған. Мұстафа Шоқай мұсылман халқы үшін алаңдайтынын сол кездегі басылымдар арқылы жеткізіп отырған.

«Мұстафа Шоқай біз болашағымыз үшін бүкіл Түркістан, түркі мұсылман халықтары біріге отырып, барлық күш-жігерін біріктіріп, күресу қажет деген ой-пікірін білдірген. Міне осы құжатта осындай мәлімет анықталды», - деді тарих ғылымдарының кандидаты Гүлсім Бисенова.

Құжаттың көшірмесін орталық қызметкерлері ғылыми экспедиция ұйымдастыру барысында тапқан. Мамандар мұны тырнақалды олжамыз деп отыр. Бұдан бөлек Үндістан ұлттық орталық архивінен қазақтың қаралы көшіне байланысты үш мың беттік 29 құжат табылған.

«Бұл құжаттар Қазақстанға алғашқы рет әкеленіп отыр. Бұл құжаттардың маңыздылығы неде дегенде, бұл құжаттар қазақ тарихындағы қаралы көшке қатысты. Яғни Алтайдан Үндістанға көшкен қаралы көшіміздің өте маңызды архив құжаттары болып табылады», - деді ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Кәмшат Пәрімбекова.

Осы құжатта 3 мың адамнан тұратын қазақ көші 20 мың қой, 4 мың жылқы, 3 мың түйемен Үндістаннан Түркияға барып тұрақтады делінген. 1930 жылдардан басталған көш 1952 жылы аяқталған.