Үш жылда 2,5 мыңға жуық әкім сайланды

0
361

Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген.


Үш жылда 2,5 мыңға жуық әкім сайланды

ERNUR.KZ. "2021 жылдан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз", - деді Тоқаев.
Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген.
"Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды", - деп толықтырды президент.
Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайлана бастады. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды.
"Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз", - деп толықтырды Тоқаев.
Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді.

"Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.