Вайнер Мейіржан Төребаев түрмеден неге демалыс алғаны белгілі болды

0
424

Оған қысқа мерзімді демалыс берілгені жазылып жатыр.


Вайнер Мейіржан Төребаев түрмеден неге демалыс алғаны белгілі болды

ERNUR.KZ. Павлодар абақтысында жазасын өтеп жатқан вайнер Мейіржан Төребаев анасының сырқатына байланысты 11 күнге демалыс алды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бір күн бұрын вайнердің әйелі Дана Есеева балаларының ортасында отырған күйеуін видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Оның айтуынша, Мейіржан Төребаев заңға сәйкес қысқа мерзімді демалысқа шыққан.

«Үлкен балаларымыз есейген, оны құшақтап, қасында үнсіз отыр. Ол жуырда тағы да Павлодарға кететінін түсінеді. Ол жақта Мейіржан күндіз «Еңбек» РММ-де жұмыс істейді, ал кешке мекемеге қайтады», - деп жазды Дана Есеева.

Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ақпаратынша, Төребаев № 44 мекемеде жазасын өтеп жүр. Ол «Еңбек-Павлодар» филиалында қара жұмысшы болып жұмыс істейді.

«Қылмыстық-атқару кодексінің 113-бабы негізінде 2024 жылғы 17 мамырда Мейіржан Мылтықбайұлы Төребаевқа мекеме шегінен тысқары шығуға рұқсат етілді. Дәлірек айтқанда, анасының сырқатына байланысты Алматыға бару үшін 17 мамыр мен 27 мамыр аралығында, жолды есепке алғанда 11 күнтізбелік күнге қысқа мерзімді демалыс берілді», - деп түсіндірді департамент.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр маусым айында қазақстандық вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген айыппен сотталған болатын. Олар бес жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеп жатыр.