Сондай-ақ Қазақстандағы вакцинациялаудың ортақ слоган-ұранын әзірлеу ұсынылды.
фотоколлаж: ERNUR.KZ.
ERNUR.KZ. Мемлекет қаржыландыратын «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның корпоративті хатшысы Мәди Кененбаев вакцинациялауды насихаттауға тойханалар жабылғалы бос сенделген тамадаларды тартуды ұсынып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жүгінді, деп жазады inbusiness.kz.
«Әлеуметтік желіде мектептердің біріндегі онлайн кеңестің видеожазбасы талқыланып жатыр. Байқағаным, мұғалімдерді вакцинациялау ерікті-мәжбүрлі сипатта жүріп жатыр. Менің ойымша, мұндай тәсіл түбірімен қате. Заң бойынша вакцина ерікті болуға міндетті. Дегенмен, азаматтардың неғұрлым көп бөлігін вакцинациялаудың қажеттілігін түсінеміз. Сол себепті егілуге ынталандыратын видеороликтер сериясын түсіруді ұсынамын!», – деді ол.
М.Кененбаевтың ұсынуынша, «кәсіби жарнамашылардан, психологтардан, дәрігерлерден, режиссерлардан, шенеуніктерден және қарапайым адамдардан құралған команда жинау» қажет. «Олар «продающий» роликтер сериясын жасайды. Бұл топқа кәсіби SMM-шы мамандар жетекшілік етуге тиіс. Ол Инстаграммдағы парақшаны жай ғана жүргізетін адам емес, нағыз сммші, өз ісінің майталманы болсын. Роликтің қай күні, қандай прайм-тайм уақытта шыққаны жөн екенін де сол анықтайды, негізгі сюжетті де сол түзетеді. Вакцинация рәсіміне, әртүрлі алаңдарды түсіріліммен қамтуға қатысты медиа-планға сәйкес бүкіл жұмысты сол үйлестіреді. Бұл жерде жергілікті әкімдіктерді жұмылдырып, жергілікті телеарналарды кең пайдалану маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ Қазақстандағы вакцинациялаудың ортақ слоган-ұранын әзірлеу ұсынылды. Мысалы, ЭКСПО-2017-нің «Болашақтың қуаты» ұранымен өткені сияқты. Бұл слоган бүкіл науқанның және барлық видеороликтің ұстын-өзегіне айналады.
«Денсаулық сақтау министрлігі сараптамалық ақпараттың үлкен ауқымына ие. Мұны сюжеттер жасауда пайдаланған абзал. Айталық, соны талдай келе, вакцина алғысы келмейтін адамдардың әрбір жас санаты бойынша «портретін» жасаған жөн», – дейді Мәди Шәкенұлы.
Ол ДСМ-ның осы тараптағы насихат тәсілдерін сынға алды.
«Мәселен, өзге адамдарды үлгі ету тиімсіз болып табылады. Себебі, әр адам өз денсаулығы мен өмірін қауіпке тігеді, ендеше өзгенің екпе еккені оны соған ынталандырмайды. Осы орайда студенттер, еңбек ұжымдары арасында вакцинацияланудың пайдасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Түсіндіруге тек дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар жергілікті тамада-асаба секілді аудиториямен жұмыс тәжірибесі бар адамдарды жұмылдыру керек. Асаба негізгі баяндамашыны, яғни дәрігерді толықтырып, елді қызықтырады», – деді ұсыныс авторы.
Ол министр А.Цойдан жауап күтпейтінін білдірді. Сондықтан ДСМ-ның бұл идеяларды қабылдайтыны не қабылдамайтыны әзірге белгісіз.
Бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы егілгендер саны жарты миллионнан әзер асты: 2021 жылғы 21 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 766 614 адам вакцина салдырыпты. Үкімет болса, күзге дейін 10 миллион адамды иммундауды жоспарлап отыр. Соған қарағанда, «Спутник V» мәжбүрлеп таңылатынға ұқсайды. Билік қазақстандық QazVac-ты тезірек іске қосуға мән бергені жөн. Сонда бұл науқан ерекше серпін алуы кәдік.