ERNUR.KZ. Жайлы мектептер оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты, деп жазады kaz.inform.kz.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының елімізге керекті, өте маңызды жоба екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бастамасы. Біріншіден, жоба арқылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы сияқты кешенді проблемалар шешімін табуы тиіс. Екіншіден, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және ондағы демографиялық ахуалды ескере отырып айқындалған», - деді Үкімет басшысы.
Сондықтан Премьер-Министр олардың барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы қажеттігін баса айтты.
«Оның үстіне, жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеттерінің бірі. Аталған мектептерге жобалау сәтінен бастап ерекше үлгідегі әдіс-тәсілдер қолданылып отыр. Сондықтан олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы керек. Аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс», - деді ол.
Үкімет басмшысы жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жоғары жылдамдықты интернет жүргізілуі керектігіне де назар аудартты. Сонымен қатар оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілуі тиістігін баса айтты.
«Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Әкімдіктердің назарын осыған аударғым келеді. Ол үшін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер ашылып, балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс. Мұның барлығы білім беру сапасын, әсіресе ауылдық жерлердегі оқыту деңгейін арттыруға ықпал етеді. Балалар қамқорлықты және жайлы оқыту процесін нақты сезінуі керек», - деді Олжас Бектенов.