Жалақысы 42 500 теңгеден аспайтындар үшін арнайы несие беріледі

0
7 726

Отбасы мүшелерінің меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы керек.


Жалақысы 42 500 теңгеден аспайтындар үшін арнайы несие беріледі

ERNUR.KZ. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова 2%-бен берілетін арзан ипотекаға қатысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz.

Ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылып жатқан «Бақытты отбасы» бағдарламасы тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға баспаналы болу мүмкіндігін ұсынып отырғанын айтты.

Белгілі болғандай 2%-бен ұсынылатын арзан ипотекаға қол жеткізу үшін жоғарыдағы санатқа жататын адамдар баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруға тиіс. Отбасы мүшелерінің меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы керек. Ипотека 20 жылға рәсімделеді. Бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10%-ын құрайды.

Бастапқы жарнаны 10%-дан артық салсаңыз, ай сайынғы төлем сомасы аз болады.

«2%-бен берілетін арзан ипотека алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың мөлшері соңғы 6 айда ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден аспау керек», – деді Ләззат Ибрагимова.

Бұл отбасында қанша адам болса, сонша адамның жалақысы қосылады және 42 500 теңгеге бөлінеді деген сөз.

«Арзан ипотека алудан үмітті отбасының тұрақты табысы болуы керек. Бұл талапқа сай болмаған отбасыларға арзан ипотека берілмейді. Ипотека рәсімдеу кезінде 6 айлық табыс көрсеткіші есептеледі. Қарыз алушы өзіне кепіл ретінде жұбайын тарта алады. Егер оның табысы жетпесе, үшінші адамды кепіл ретінде қосуға рұқсат берілген», – деді Ләззат Ибрагимова.