Сараптама қорытындысына сай, ауыл мектебінің асханасындағы 12 түрлі азық-түліктен ішек таяқшалары табылған.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысындағы оқушылардың жаппай улануына не себеп болғаны анықталды, деп жазады КТК.
Сараптама қорытындысына сай, ауыл мектебінің асханасындағы 12 түрлі азық-түліктен ішек таяқшалары табылған. Қауіпті бактерия тіпті нан мен компоттың да құрамынан шықты.
Оқыс жағдай осыдан он күн бұрын болған. Мектеп асханасынан бастауыш сынып оқушыларына палау мен компот беріліпті. Бір мезгілде құсып, іші өткен 44 оқушы ауруханаға жеткізілген. Балалармен бірге тамақтанған екі мұғалім де астан ұшынған.
Қауіпті жағдайдан кейін дәрігерлер әр үйді аралап, мектептің 400 оқушысының денсаулығын бақылаған. Осылайша мектеп асханасынан уланғандардың саны 61 адамға жетті. Қазір ауруханаға түскендер жазылып, үйіне қайтарылған.
Айта кетйік, жаппай уланудан кейін мектеп асханасы карантинге жабылған болатын. Ал оқушыларға ыстық тамақ қашан берілетіні әзірге белгісіз.
Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынаша, алдын ала болжам бойынша 12 түрлі тағам түрінің ішінен ішек таяқшасы тобының бактерияларына оң нәтиже шықты. Толық сараптама қорытындысы 21 қарашадан соң белгілі болады. Қазір тексеру жалғасып жатыр.