Республика күні қарсаңында еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан түрлі акциялардың бірі – экологиялық сенбілік болып отыр.
Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде ұлық мереке – Республика күні қарсаңында «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» атты экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін еліміздің барлық өңірінде мереке күніне орай ұйымдастырылған акция аясында сенбілік өтіп жатыр. Мемлекетіміздің әр өңірінде тұрғындар айнала қоршаған ортаны таза ұстау мен экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өз үлесін қосуға атсалысып, сенбілікке шығуда. Тәнті етерлігі, еліміздің азаматтарының ынтымағы мен бірлігі көрініс тапқан акция ел бойынша жаппай өтіп, әркім өзі тұратын аумағына жанашырлық танытуда.
Ерекшелігі сол, Республика күніне орай ұйымдастырылған «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» акциясында республика көлемінде жиналған қоқыс тек тазаланып, шығарылып қана қоймай арнайы сұрыпталды. Нәтижесінде Экология және табиғи ресурстар министірлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, 1200 тонна шыны қалдықтары, 3150 тонна пластик, 420 тонна резеңке қалдықтары, 1300 тонна қағаз бен картон, 890 тонна металл арнайы өңдеу орындарына тапсырылып, ізгі жұмыс атқарылды.
Осы орайда айта кетсек, 2021 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен 4 жылға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірденген болатын. Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға және халық үшін қолайлы орта құруға арналған ұлттық жобаның 1-бағытында айтылғандай, «Қалдықтарды тұрақты басқару» міндеті осылайша тағы да кезегімен жүзеге асты десек, қателеспейміз.
270 мыңнан асқан адам қатысқан экологиялық сенбілікте Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі де белсенділік танытып, осынау акцияға мұрындық болды. Онымен қоса Астана қаласында өткен сенбілікке С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің эколог-студенттері де қатысып, акцияға өз үлестерін қосты.
Аталған акция барысында дәстүрлі ағаш отырғызу жұмысы да тыс қалған жоқ. Елордамыздағы Қарасу өзені бойын жағалай 40 мың тал-дарақ егіліп, келешекте демалушыларға сая болатын бастаманың негізі қаланды. Сондай-ақ өзен жағалауындағы жануарлар әлеміне де болашақта жас өскіндер жапырақ жайып, пана болары анық.
Айта кетейік, мереке күніне орай өткізілген экологиялық акцияға еліміздің барша өңірі белсене қатысты. Мәселен, Алматы қаласында өткен сенбілікте экобелсенділер рекреациялық аймақтап мен саябақтарды, парктер мен гүлзарларды қоқыстан тазартып, 5 мыңнан астам текшеметр күл-қоқысты шығарды. Сонымен қатар, 9 мыңнан астам ағаш кеөшеттерін отырғызып, көлемді іс тындырды. Сенбілікке 34 мыңнан астам адам қатысқан.
Ал Абай және Жетісу облыстарында акцияға өз үлестерін Ассамблея жастары да қосты. Екі бірдей облыстың жастары тізе біріктіре жұмыс істеп, Семей қаласындағы Бейбітшілік аралына 200-ден астам қарағай көшеттерін отырғызып, игі іс жасады.
Республика күніне орай өткізілген акцияның қорытындысы Экология және табиғи ресурстар министрінің аумақтық 11 департаментке салтанатты түрде автолыіктердің кілтін тапсырумен жалғасты. Абай және Жетісу, Ұлытау сияқты жас облыстар мен Батыс және Солтүстік Қазастан, Қызылорда, Қостанай және Алматы өңірлеріндегі департаменттерге де табысталды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі келегеші жарқын, экологиясы таза және қолайлы елде тұру үшін жасалып жатқан іс-шараларға қатысушылар алғыс айтып, мұндай ілкімді істердің алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін жеткізді.