Жаңа министрлік пен «Су кодексі» дұрыс жұмыс істесе, проблемалар реттеледі – Ғани Назарбек

0
1 316

Әсіресе елдің оңтүстігіндегі тұрғындар егістік суды қажет ететін жаз мезгілінде шырылдап жатады.


Жаңа министрлік пен «Су кодексі» дұрыс жұмыс істесе, проблемалар реттеледі – Ғани Назарбек

Қазіргі таңда су тапшылығы мәселесі әлемнің көптеген елдерін әбігерге салып жатыр. Олардың арасында Қазақстан да бар. Әсіресе елдің оңтүстігіндегі тұрғындар егістік суды қажет ететін жаз мезгілінде шырылдап жатады. Сапалы ауызсуға зар болып отырғандар да жетерлік. Осы орайда, көпшілікке аты мәлім эколог, табиғат жанашыры, «Байтақ» жасылдар партиясының саяси кеңес мүшесі, «Сырдария–Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» ғылыми қызметкері Ғани Назарбекпен сұхбат құрып, бірнеше сауалымызға жауап алдық.


– Ғани мырза, әуелі әлемдегі су тапшылығы жайлы айтып өтіңізші. Қазіргі жағдай қандай болып жатыр? Ертеңгі күніміз қалай болмақ?


– Су тапшылығы тұрғысынан қарасақ, әлемдегі жағдай әртүрлі. Бір жерде су тартылса, енді бір аумақта тасып жатады. Себебі қазір ғаламдық жылу салдарынан Солтүстік және Оңтүстік полюстегі айсбергтер еріп жатыр. Сәйкесінше, мұхитқа жақын елдерде жауын-шашын мен жалпы судың көлемі ұлғаюда. Ал, мұхиттан алшақ орналасқан Австралия, Африка және Орталық Азия жерлерінде құрғақшылық байқалады. Жалпы, түбегейлі «су тапшы» деп айтуға болмайды. Өйткені өзіміз суды қандай да бір үнемсіз, ысыраппен пайдаланып келеміз. Тіпті, бар суды жарамсыз күйге түсіріп жатырмыз. Дегенмен, суды тазартуға әрі үнемдеуге мүмкіндік беретін түрлі техникалар пайда болуда. Сондықтан дамыған, технологияны игерген мемлекеттерде бұл мәселе көп ұзамай шешіледі. Ал біздің Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда ертеңгі күні ауызсу мәселесі күрделене түседі. Себебі қазір біздегі ағынсу арналары тартылып, мұнай және уран өндіруге қажетті күкірт қышқылының салдарынан жерасты сулары бүлініп жатыр. Ертеңгі күні ол да жарамсыз күйге түсуі мүмкін.


– Еліміздегі ағынсу және ауызсу тапшылығы қай өңірлерге, қандай қауіп төндіріп тұр?


– Ауызсу мен ағынсу тапшылығы қатты байқалатын өңірлер – Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы мен Алматы облысы. Себебі оңтүстікте орналасқан бұл облыстар Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытайдан ағып келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді. Аталған елдерде де халық саны, суға деген сұраныс жыл сайын артып, бірнеше есе көп пайдаланып жатыр. Бізге судың аз келетіні сондықтан. Бұл алда үлкен проблемаға айналатын өзекті тақырып. Қазір кейбір әкімдер «суармалы жерлердің аумағын ұлғайттық» деп айтып жатады. Ол енді күлкілі нәрсе. Байқап қарасақ, біз жерімізді бүлдіріп алдық. Бұрын 40-45 центнер өнім алатын жерлерден қазір 10-15 центнер аламыз. Сол үшін амалсыздан суармалы жерді ұлғайтып жатырмыз. Негізінде жерді тыңайтып, түрлі технологияларды игеріп, аз жерден көп өнім алу үшін жұмыс істеуіміз керек. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару әдістерін тиімді пайдаланып, ирригация жүйелерін дұрыстауымыз қажет. Әйтпесе қазіргідей бір түп көшетті өсіруге жететін суды мыңдаған есе көп шығындай береміз. Яғни алыстағы алқапқа суды арықпен апарамыз деп, қаншама ресурс жерге сіңіп кетеді немесе ауаға ұшып кетеді. Бүгінгі таңда батыстағы Ақтау, Ақтөбе, Атырау сынды өңірлерде де су тапшылығы орын алып жатыр.


Ақпарат ағынында ауызсудың сапасыздығына қатысты дау көп. Осы жөнінде не айтасыз?


– Ауызсу сапасы 10 баллдық шкаламен есептеледі. Соған сай, сапалы су ішетін бірнеше ғана өңір бар. Мәселен, Шымкент пен Таразды айтсақ болады. Ол жерлерде ауызсудың шкалалық деңгейі 8-9-ды құрайды. Себебі олар тау мұздықтарынан бастау алатын өзендердің суларын пайдаланады. Ал, басқа өңірлерде жағдай қиын. Алысқа ұзамай-ақ, Түркістан қаласын алсақ, жерасты суымыз тұзды және Кентаудан келетін су шахта орындарынан шығады. Су құрамындағы химиялық қоспалардың мөлшері шамадан бірнеше есе артық. Оның үстіне сол суды тазалайтын орындар ескірген, жаңғыртылмаған. Сол себепті өңірде ауру түрлері көбейіп, бұрын естімеген аурулар пайда болып жатыр. Ең өкініштісі – бүгінгі бұқаралық ақпарат саласының мамандары да бұл деректерді, өздерінің қандай су ішіп жатқандықтарын, қандай ауамен демалып жүргендерін немесе қандай азық-түлік пайдаланып жатқанын білмейді. Яғни, адам өмірі мен денсаулығы үшін ең маңызды ақпараттарды елге түсіндіру тұрғысынан артта қалып отырмыз. Егер халық мұны білсе, ашық болсақ және талап етсе, проблема біртіндеп шешілер ме еді? Оның орнына қажеті шамалы ғимараттар салып, маңызсыз іс-шаралар жасап жатамыз. Тіпті, еліміздегі футболға бөлінетін қаржымен бүкіл Қазақстанды таза ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ, кейде біз техникалық су пайдаланып, ауызсудың ақшасын төлейміз. Ал, кейбір жерлердегі ауызсуға жарамды ресурстардың бір бөлігі автокөлік жууға, егістікті суаруға кетіп жатады. Яғни, бізде ауызсуды пайдаланудың мультимеханизмі жоқ. Парламентте жаңа «Су кодексінің» жобасын талқыланып жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылған. Бірақ, жасалғалы жатқан бұл қадамның өмірімізге қандай өзгеріс әкелетіні белгісіз.


Ағынсу тапшылығы ауыл шаруашылығы саласы мен топырақтың сорлануына қаншалықты әсер етіп жатыр?


– Бізде әзірге су бар. Бірақ бар нәрсені дұрыс пайдалану жоқ. Оның үстіне ауыл шаруашылығы басқармалары «Қазсушар» мекемесін тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемейді деп ойлаймын. Өйткені, «Қазсушарда» бір жылға қанша су келетіні жайлы есеп болады. Меніңше, олар өздерінде бар ақпаратты басқармаға айтады. Ал, басқарма оны ескермей, диқандарға жеткізбегендіктен, су тапшы жерлерге ресурсты көп қажет ететін егін егіледі. Сосын, су жетпей қалған кезде шаруалар шырылдап қалады. Сонымен қатар, қазір көптеген жайылым жерлерді жыртып, егістікке пайдаланып жатыр. Яғни, жерді мақсатты қолдануға да дұрыс мән берілмейді. Тиісінше, бұл да су тапшылығына әсер етеді. Бірер жыл бұрын Түркістан облысында шамамен 600 000 гектарға жуық суармалы жер бар еді. Соңғы 1-2 жылда оның үстіне 100 мың гектар алқап қосылды. Өзі су тапшы болып отырғанда мұндай жағдайға жеткізу – нағыз катастрофа. Ал, жерді тыңайту, сапасын арттыру және су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмыстарына көңіл толмайды.


– Сарапшылар, зерттеушілер бұл мәселелерді көтеріп жатыр. Бұл тұрғыда, билік тарапынан қандай да бір әрекеттер байқала ма?


– Суға қатысты мәселелерді білікті мамандар көтеріп жатыр. Әсіресе, жасы үлкен сарапшы, зерттеушілер. Осыған орай билік тарапынан қолға алынған алғашқы әрекет – су қорын пайдалану және қорғау жұмыстарын жүзеге асыратын Су ресурстары және ирригация министрлігін құру. Одан кейін, «Су кодексінің» қайта қаралып жатқандығы да қуантады. Себебі, осы министрлік пен «Су кодексі» дұрыс жұмыс істесе, проблемалар реттеліп қалар еді. Байқасаңыздар, кейбір диқандар өзара жарысқа түсіп, мәселен қауын-қарбыз егеді. Бірақ, өнімін жинағасын өткізе алмай қиналады. Мақта егеміз де, мақтаның бағасын шығара алмай жүреміз. Сондықтан сала мамандары жоспар жасап, қандай өнімді қанша көлемде егу керектігін болжап отыруы тиіс деп ойлаймын.


– Сіздің ойыңызша, су тапшылығы және ауызсу сапасыздығы проблемаларын қалай шешуге болады?


– Бұл проблемаларды шешу үшін ең алдымен ақсап тұрған «су дипломатиясын» реттеу керек. Себебі, сөз басында айтқанымыздай Қазақстанның 80 пайызы трансшекаралық өзендерге тәуелді. Ресеймен, Қытаймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен су дипломатиясын дұрыс жолға қою керек. Өзіміздің халықаралық құқықтарымызды талап етіп, сонымен қатар, халықаралық шарттардағы талаптарды өзіміз де орындауымыз қажет. Одан кейін ішкі суларды пайдалануға көңіл бөлген дұрыс. Мәселен Түркістан облысында көптеген өзен бар. Бірақ олардың бойында карьерлер көп. Өкінішке қарай, олар судың бастауын жоғалтуға соқтырып, едәуір проблема туындатып жатыр. Сондай-ақ, су қоймаларын салуды қолға алу керек. Мысалы, соңғы жылдары Түркістан облысының өзінде екі бірдей су қоймасы бой көтерді. Алдағы жылдары тағы да бірнешеуі салынбақ. Осындай әрекеттер әр өңірге керек-ақ. Ең бастысы – суды үнемдеу, пайдаланылған суды қайта өңдеп, екінші рет қолдануды жолға қою қажет. Айталық, біз қолданған ауызсу кәріз жүйесіне ағып кетеді. Алсол сарқынды суды арнайы технологиялар арқылы өңдеп, тым құрығанда көшет суаруға болады.


– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ