Құжат 20 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.
ERNUR.KZ. Келер жылдың 1 қаңтарынан жеке куәлік, паспорт, шетелдіктің Қазақстанда тұруына рұқсат ететін ықтиярхатын беру кезінде оның иесінен саусақ іздері алынбақ, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада Қазақстан Республикасы азаматының, оның ішінде адамның азаматтығы мен заңды мекенжайы, фотосуреті мен қолы, 16 жасқа толған және «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» 2016 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Заңында белгіленген жағдайлар бойынша 12 жастан асқан құжат иесінің саусақ іздері туралы графикалық және мәтіндік ақпарат қорғалған түрде сақталады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Ішкі істер министрінің бұйырық-жобасында.
Сондай-ақ құжатта жазылғандай, саусақ іздері азаматтардың жеке куәлігінде, шетелдіктің Қазақстанда тұруына рұқсат ететін ықтиярхатында, азаматтығы жоқ адамның куәлігіне де орналастырылады.
«Бұл – «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» 2016 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Заңына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап саусақ ізін тіркеу талабының күшіне енуіне байланысты», - деп түсіндірме берілген бұйрық-жобасына.
Құжат 20 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.