Жетісу облысында басы дауға қалған ауыл әкімі жеңіл жазамен құтылды

0
275

Ақсу аудандық соты ауыл әкімі мен әкімдік қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарады.


Жетісу облысында басы дауға қалған ауыл әкімі жеңіл жазамен құтылды

Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

ERNUR.KZ. Жетісу облысының тұрғыны, төрт баланың анасы Ақсу ауылдық округінің әкімін түнде үйіме терезеден кіріп, зорлық көрсетпек болды деп айыптаған еді. Қылмыстық іс Ақсу аудандық сотында қаралып, айыпталушы екі азаматқа үкім шықты, деп жазады inform.kz.

Ақсу аудандық соты ауыл әкімі мен әкімдік қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарады.

Олар тұрғын үйге топ болып түнгі уақытта заңсыз кіру және елдің тыныштығын бұзу бабы (ҚК 149-бабының 2-бөлігі) бойынша айыпталған.

Сот 2024 жылдың тамыз айында, түнгі уақытта, әкім мен әкімдік қызметкері жәбірленушінің үйіне асүй терезесіндегі торды алып тастап, заңсыз кіргенін анықтады.

Сотта жиналған дәлелдер, жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ істің басқа да материалдары негізінде айыпталушылардың кінәсі дәлелденді.

Аталған жағдай жеңіл дәрежедегі қылмыстар санатына жатады.

— Сотталушылардың бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмаған балаларының бары ескерілді. Олар тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген Ақсу аудандық сотының таратқан хабарламасында.

Аудандық әкімдігінің мәліметінше сот үкімі күшіне енгеннен кейін Ақсу ауылдық округының әкімі қызметтен босатылады.