Жетісу облысында екінші ауыл алкогольден бас тартты

0
426

Жергілікті жастар да оң көзқарас танытты.


Жетісу облысында екінші ауыл алкогольден бас тартты

ERNUR.KZ. Жетісу облысында екінші ауыл алкоголь өнімдерінен бас тартты, деп жазады inbusiness.kz.


Сарқан ауданы Абай ауылындағы сауда орындарында алкогольдік ішімдіктерді сатуды тоқтату туралы шешім қабылданып, мас күйінде жасалатын қылмыстардың көрсеткіші төмендегені байқалып жатыр.


Жетісу өңіріндегі тағы бір ауыл салауатты, салиқалы өмір салтын ұстануға бел буды. Алкогольдік ішімдіктерді сату мен тұтынудан бас тарту идеясын ақсақалдар көтеріп, оны елді мекеннің барлық тұрғындары бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, жергілікті жастар да оң көзқарас танытты.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, сауда орындарының иелеріне жаңа талаптар енгізілгеннен кейін Абай ауылында ішімдік ішуге байланысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.

"Полицейлер жүргізген талдау көрсеткендей, ауыр қылмыстардың жартысынан көбі және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы барлық құқық бұзушылықтар мас күйінде жасалады. Абай ауылы тұрғындарының осы бастамасын басқа елді мекендердің тұрғындары да қолдайды деп үміттенеміз", – деп атап өтті Сарқан аудандық полиция бастығының орынбасары Әділмұрат Байзолда.

Бұл Жетісу облысындағы тұрғындар өз еркімен сауда орындарында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан екінші ауыл екенін айта кету қажет.