Жетісу университетінде италиялық жоғары оқу орнының филиалы ашылады

0
249

Осы ынтымақтастық аясында студенттер қос дипломды оқу бағдарламаларына қатысуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.


Жетісу университетінде италиялық жоғары оқу орнының филиалы ашылады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Италия Республикасының университеттер және зерттеулер министрі Анна Мария Бернинидің қатысуымен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасында Марке политехникалық университетінің (Италия) филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ведомство басшысы екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

«Жетісу университеті зерттеу қызметін белсенді дамытып жатыр. Оқу орнының Марке политехникалық университеті секілді жетекші шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатуы өңірді білікті техникалық мамандармен қамтамасыз етудің негізгі факторына айналады. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға және білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Саясат Нұрбек.

Өз кезегінде Анна Мария Қазақстанның адами капиталды дамытудағы өршіл саясатын жоғары бағалады.

«Орталық Азия – тұрақты және қауіпсіз аймақ, әрі маңызды геосаяси орталық. Бұл өңір жоғары білім беру саласында ғана емес, экономикалық және коммерциялық тұрғыдан да үлкен мүмкіндіктер ұсынады, сондықтан Италия үшін стратегиялық маңызға ие», – деді Анна Мария.

Осы ынтымақтастық аясында студенттер қос дипломды оқу бағдарламаларына қатысуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.