Бұл жағдай қарыз алушыларды міндеттерінен босатпайды.
ERNUR.KZ. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасы бастығының бұйрығына сәйкес «Квику» микроқаржы ұйымы» ЖШС қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясынан айырылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Лицензиядан айыру үшін «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңының 16-бабы 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларындағы талаптар негіз болды. Бұл тұрғыда қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, сондай-ақ уәкілетті органның, ҚР Ұлттық банкінің нормативтік құқықтық актілерін жүйелі түрде бұза отырып жүзеге асырса, тиісті шешім қабылданады. Сонымен қатар, заңда көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асырған жағдайда лицензиясынан айырылады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметіне қарағанда, микроқаржы ұйымы өз қызметінде он екі ай ішінде есептеу тәртіптерін және қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің әрі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндерін сақтамауына, сондай-ақ қарыз алушылардан заңда көзделмеген өзге де төлемдерді алуға қатысты заң бұзу әрекеттеріне жол берген.
«Бұл жағдай қарыз алушылардың борыш жүктемесінің негізсіз ұлғаюына әкелген, яғни МҚҰ-ның жүйелі түрде қызметін теріс пайдаланғанын байқатып отыр. Микроқаржы ұйымын лицензиясынан айыру қарыз алушыларды ұйым алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындау міндетінен босатпайды», - делінген хабарламада.