Жол ережесін бұзатындар жаңаша жазаланады – Балдық жүйе

0
1 375

Жүргізуші қанша рет ереже бұзса, сонша балл жиналады. Егер ол шекті межеден асып кетсе, көлікті жүргізу құқынан айырылады.


Жол ережесін бұзатындар жаңаша жазаланады – Балдық жүйе

ERNUR.KZ. Қазақстанда жол ережесін бұзатындар жаңаша жазаланбақ. Жақын арада көлік жүргізушілеріне арналған балдық жүйе енгізілуі мүмкін. Шетелдің тәжірибесін енгізуге сенатор Андрей Лукин құлшынып отыр. Ал оның бұл ұсынысы әлеуметтің пікірін екіге жарды, деп жазады ktk.kz.

Жол ережесін бұзатын жүргізушілерді жазалаудың жаңа түрі балдық жүйеге негізделген. Жүргізуші қанша рет ереже бұзса, сонша балл жиналады. Егер ол шекті межеден асып кетсе, көлікті жүргізу құқынан айырылады. Андрей Лукин, Сенат депутаты: Жол ережесін бұзғаны үшін балл есептеу жүйесін әзірлеп, енгізуге қатысты тиісті ұсыныс жасалуда. Яғни, белгіленген лимит асырылған жағдайда арнайы бақылау-өлшеу құралдары арқылы жүргізуші куәлігінен айыру жоспары бар.

Депутаттың пікірінше, көлік жүргізушілері «Сергектің» жазасынан оңай құтылып жүрген көрінеді. Жаппай тәртіп бұзып жүргендерге қанша жерден айыппұл салынғанымен, олар ақшасын төлеп, оңай құтылып жүр. Ешқандай сабақ алмайды деп қынжылған депутаттың бұл сөзіне көлік иелері қарсы. Жүргізуші қауымын «сергек» біраз әбігерге түсіріпті. Оларға жаңа жазаның еш қажеті жоқ.

Қазынаға ақша түсіп жатыр ғой. Машина сататын кезде, алатын кезде жұмысқа да жол ережесін бұзғаны туралы айыппұл келеді, төлеп жатырмыз.

"Бір кісілер сонымен отбасын асырап жатыр, менің ойымша, дұрыс емес. Бір жағынан халықты да ойлау керек. «Сергекті» мен әлі түсінбейді екенмін.

Қалай болса, солай жүріп, «Сергекті» қойды, енді тәртіп бар. Бұрын өзіміз МАИ көрінбейді деп, айдай беретінбіз. Жүргізушілерді жазалаған дұрыс.

Ал белсенділер жаңа жүйе қоғамда «жемқорлыққа жол ашады» деген ойда. Себебі, «қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді».

"Менің ойымша, бұл тиімсіз. Өкініштісі, бізде айыппұлдарды өндіру жағы ақсап тұр. Жүргізуші мен полицей арасында таныстық қарым-қатынас бар кезде кез келген айыппұл түрін енгізу тиімсіз. Ішкі істер министрлігінің өзі Қазақстандағы жемқор министрліктің қатарында екенін ескеру керек" - дейді «ОСА» ҚБ басшысы Руслан Лазута.

Шетел балдық жүйенің әлдеқашан жілігін шағып, майын ішкен. Мәселен, 2017 жылы Грузия аталмыш жүйемен жыл сайын әр жүргізушіге 100 балл берілсе, Чехия, Латвия және Германияда 12-16 балл, Украинада бес жыл бойы 150 ұпай, армениялықтар 9 балмен шектеліп жүр. Әсіресе бір жылда елеулі жол ережесін бұзып, мас күйінде көлік жүргізіп, қос жолақты кесіп өтіп, телефонмен рөлде сөйлескендер жүргізуші куәлігінен айырылады.

Көлік жүргізушілерін жазалаудың жаңа тәсілі әзірге қашан енгізілетіні белгісіз. Сенат депутаттары алдағы уақытта қоғамдық ұйымдармен, мамандармен ақылдаспақшы. Егер расымен де балдық жүйе туралы қоғамда оң пікір қалыптасса, халық қалаулылары заңнамаға өзгеріс енгізуге әзір. Ал бүгінде әкімшілік кодекске сәйкес, жол ережесін екінші мәрте өрескел бұзған жағдайда, жауапкершілікке тарту жазасы бар.