IQanat High School of Вurаbay білім беру мекемесінің басшылығы бұқаралық шара өткізу, бетперде режимі мен арақашықтықты сақтамау сияқты санитарлық-карантиндік талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.
ERNUR.KZ. Бурабайдағы IQanat мектебінің басшылығына санитарлық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, әлеуметтік желілерде жүздеген адамның бетпердесіз отырған суреттері тарағаннан кейін санитар дәрігерлер полициямен бірге жоспардан тыс тексеруге шыққан. Жаңадан салынған мектептегі жағдай жан-жақты зерделенді.
"Бұқаралық шара өткізу, бетперде режимі мен арақашықтықты сақтамау сияқты санитарлық-карантиндік талаптарды бұзғаны үшін IQanat High School of Вurаbay білім беру мекемесінің басшылығы әкімшілік жазаға тартылды. Оған Әкімшілік кодекстің 425-бабы, 1-тармағы бойынша 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды", - дейді департамент мамандары.
Айыппұлдың көлемі 638 940 теңгені құрайды. Жеке тұлғалар қатысты шара қолданылған жоқ. Облыстық полиция тергеу шараларын жалғастыруда.
Айта кетейік, 13 қыркүйекте "Бурабай" курорттық аймағында ауылдан шыққан дарынды балаларға арналған IQanat High School of Burabay әмбебап мектебі ашылған болатын. Жаңадан салынған мекемеде 184 бала білім алады.
Мектеп Щучье көлінің шығыс жағында орналасқан. Жаңа нысанның ресми ашылуына білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, кәсіпкер Айдын Рахымбаев және тағы басқа адамдар қатысты.
Ашылу салтанаты кезінде барлығы далада фотоға түскен. Ол жерде жүздеген адам бетпердесіз отыр. Тіпті, мектептің ішінде түсірілген суреттерден адамдардың бетпердесіз жүргенін көруге болады. Арақашықтық та сақталмаған.
Білім және ғылым министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, ашылу салтанатына дейін оқытушылар мен шәкірттер COVID-19 вирусына екі рет тест тапсырған.