Жыл сайын 13 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісіктен көз жұмады

0
910

Қазақстанда онкологиядан болатын өлім жалпы өлім-жітім құрылымында екінші орында тұр.


Жыл сайын 13 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісіктен көз жұмады

ERNUR.KZ. Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының клиникалық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Жыл сайын елде онкологиялық аурулардың 37 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеледі. Олардан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Бүгінгі таңда онкопатологиясы бар 205 мыңнан астам қазақстандық есепке алынған, - деп атап өтті Әділбек Мұқажанов елордада өтіп жатқан «Орталық Азия онкологиялық апталығы» халықаралық ғылыми-практикалық апталығының кулуарында берген сұхбатында.

Бұл ретте, Қазақстанда онкологиядан болатын өлім жалпы өлім-жітім құрылымында екінші орында тұр.

Онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін түбегейлі шараларды талап ететін бірқатар проблемалық мәселелер өзекті болып қала береді. Өлім құрылымында бірінші орынды өкпе обыры (16,3%), екінші орынды асқазан обыры (12,0%), үшінші орынды колоректальды обыр (10,6%) және төртінші орынды сүт безі обыры (8,1%) алады. Ал онкологиялық сырқаттану тұрғысында бірінші орында сүт безі обыры (13,2%); екінші орында – өкпе обыры (10,0%), үшінші орында – колоректальды обыр (9,3%), төртінші орында – асқазан обыры (7,4%). Науқастардың жас құрылымында 55,8% еңбекке қабілетті жастағы (18-64 жас) адамдар құрайды, - деді орталықтың басқарма төрағасының клиникалық қызмет жөніндегі орынбасары.