Басыңыздан күн өтіп, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, мына сұйықтықтарды ішіңіз.
Биылғы жылы еліміздің барлық қалаларында күн қатты ысыды. Ауруханадағы науқастардың басым көпшілігі күннің ыстығынан зардап шеккендер. Тіпті таңғы 7:00-де Шымкентте градус 25-тен жоғарыны көрсетеді.
Мұндайда кішкентайларды сыртқа алып шығудың өзі қауіпті. Егер ыстық ішіне түсіп кетсе, сорақысы сол болмақ. Ал күн өтіп кетсе, халық емінің көмегіне жүгініп көріңіз.
Басыңыздан күн өтіп, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, мына сұйықтықтарды ішіңіз.
- қышқылтым шай (лимон қосылған қантсыз шай);
- шиеден жасалған морс;
- тұзды су;
- наннан дайындалған квас;
- сүт өнімдері (кефир, простокваша, ряженка).
Күн өткеннен сезсеңіз, тез арада үйге қайтыңыз. Салқын бөлмеде аяғыңызды жоғары көтеріп жатыңыз. Мұндай кезде алкогольді ішімдік ішпеу керек. Бірнеше қабатталған дәкені салқын суға малып алып, маңдайыңызға, көкірек айналасына, ішіңізге компресс жасаңыз. Мүсәтір спиртіне малынған мақтаны иіскеу де көмегін тигізеді. Зақымданған теріге кефир немесе қаймақ жағыңыз.
Күннің ыстығынан пияз да қорғайды. Оның сөлін сығып алып, алақаныңыз бен табаныңызды сүртесіз. Пиязды иіскеу де ем болатынын ұмытпаңыз.
Лаванда майының да күннен қорғайтын қасиеті бар. Ол үшін 1 ас қасық лаванда майы мен 10 ас қасық өсімдік (зәйтүн немесе күнжіт) майын араластырып, маңдайыңызға, табаныңызға, алақаныңызға, көкірек айналасына жағыңыз. Емдік қасиетін күшейту үшін аздап алоэ шырынын араластырыңыз.
Сондай-ақ жалбыз шайының да көмегі орасан. Басынан күн өткендерге салқындатылған жалбыз шайын ішкізіңіз. Бұл ыстықты басады, мазасыздықтың алдын алады әрі ағзаны қуаттандырып, бойыңызды сергітеді.
иллюстрациялық фото: alwaysbusymama.com
Күн көзінен қалай сақтану керек?
Сыртқа шығатын кезде өзіңіз де, кішкентайыңыз да бас киім кигендеріңіз жөн. Қиындық тудырмаса қолшатыр ұстап алыңыз. Үстіңізге мақта матадан немесе ауа өткізетін басқа да матадан тігілген киім киіңіз. Қолыңызға дымқыл сүлгі алып, сөмкеңізге ішетін су салып қойыңыз. Таза ауаға шығатын кезде майлы, ащы тағамдарды жемеуге тырысыңыз. Сондай-ақ тоя тамақтанудан сақтаныңыз. Көбірек сұйықтық ішу керек. Тәтті шырын, көк шай мен жеміс шырыны да күн көзінен қорғайды. Сонымен қатар салқын душ қабылдаңыз.
Мамандар 11-14 сағатта сыртқа шықпауға кеңес береді.
Ләззат Ахметова,