​Қайызғақтан йогурт құтқарады

0
7 536

Егер қайызғақ гигиеналық тазалықты дұрыс жүргізбегеннен пайда болса, онда сусабынды сапалысына ауыстырыңыз. Шашыңызды аптасына 2-3 рет жууға әдеттеніңіз. Одан бөлек халық емінің көмегіне жүгініңіз.


​Қайызғақтан йогурт құтқарады

Қайызғақ – кең тараған тері ауруы. Ол бірден пайда болып, уақытында емделмесе, асқынып кетеді. Асқынған түрінде шашыңыздан бөлек, қасыңызға, ерлердің мұртына, қысқасы бір қатар жерді қайызғақ жаулауы мүмкін.

Қайызғақ көп жағдайда ішкі ағзалардың жұмысының бұзылғандығынан пайда болады. Нақтырақ айтқанда, асқазақ-ішек жолдарының, қалқанша бездің жұмысының өзгеруінен және эндокриндік жүйенің бұзылуынан қайызғақ пайда болады. Сондай-ақ, қатты стресс, көпке созылған күйзеліс пен эмоцияға берілгендік те қайызғақтың шығуына септігін тигізеді. Мұндай кезде дереу трихолог дәрігеріне қаралыңыз. Дәрігер сізге қажетті сараптама жүргізіп, қажетті ем-домдарын жасайды.

Егер қайызғақ гигиеналық тазалықты дұрыс жүргізбегеннен пайда болса, онда сусабынды сапалысына ауыстырыңыз. Шашыңызды аптасына 2-3 рет жууға әдеттеніңіз. Одан бөлек халықтық емінің көмегіне жүгініңіз.

  • Қайызғақты кетірудің ең оңай жолы – тұзды пилинг. Ол үшін құрамы минералды заттар мен йодқа бай теңіз тұзын пайдаланасыз. 4 ас қасық тұзды 200 мл йогуртқа немесе кефирге араластырасыз. Оны шашыңыздың түбіне массаж жасай отырып, сіңдіріп жағыңыз. Сосын басыңызды жылы орап, 1 сағаттай жүресіз. Бегіленген уақыттан соң шашыңызды сусабынмен жуасыз.
  • Бұл маска терідегі қабыршақтанған өлі клеткаларды жояды, бас терісінің қан айналымын жақсартады және терідегі артық майды кетіреді.
  • Май – шашыңызды қалпына келтіріп, емдейтін қасиетке ие. Сондай-ақ шаштың ағарып, қайызғақтануына жол бермейді. Майдың құрамындағы майлы қышқыл шашты қайратты етіп өсіреді әрі саулығын сақтайды.
  • Ал қайызғақтан арылу үшін жүзім, күнжіт немесе зығыр майларын қолданасыз. Ол үшін шашыңыздың ұзындығына қарай майды мөлшерлеп аласыз. Оны шашыңыздың түбінен ұшына дейін сіңдіріп жағасыз. Шамамен 30-40 минуттай маскамен жүріп, сосын сусабынмен жуасыз.
  • 100 гр. кефир, йогурт немесе простоквашаға 2 шай қасық эфир майын араластырып, шашыңыздың түбіне жағасыз. Бұл масканың да қайызғақтан құтқаратын қасиеті бар.
  • Егер шашыңыз құрғақ болса, онда кастор майы мен зәйтүн майынан 1-1 ас қасықтан аласыз. Оған жарты лимонның шырынын сығып, араластырыңыз. Дайын болған масканы шашыңыздың түбіне сіңдіріп жағыңыз.
  • Ал майлы шашқа бал мен алоэ маскасы пайдалы. Ол үшін 2 ас қасық балға 2 ас қасық алоэ шырынын, лимон шырынын, кастор майы мен езілген екі тіс сарымсақты араластырасыз. Бұл масканы аптасына 2 рет жүргізесіз. 3 курс емнен кейін шашыңыздағы «ақ қардан» біржолата құтыласыз.

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ.