Іштің кебуі. Жайсыздық. Қолайсыздық. Жағымсыздық. Бұлар әсіресе, жүкті келіншектерге таныс тақырып. Төмендегі мақалада мұндай жайсыздықтан құтылудың ең оңай жолдары ұсынылған.
Мұндай жайсыздық көбінесе жүктіліктің алғашқы айларында орын алады. Бұл кезеңде мамандар дәрі ішуге қатаң түрде тыйым салатыны белгілі. Онсыз да токсикоз, жүрек айну, жағымсыз иіс тынышыңызды алып жатқанда, іштің кебуі артықша. Бірақ мұның алдын алуға болады. Ол үшін халық емін байқап көріңіз.
Картоп шырыны
Таңертең ашқарынға жарты стақан жаңадан сығылған картоп шырынын ішіңіз. 30 минут жатып тынығу керек. Емді үзбей 10 күн жүргізсеңіз, ішектің де, асқазанның да жұмысы жақсарады. Нәтижесінде, іштің кебуінен құтыласыз.
Зімбір
Тамақтан соң жарты шай қасық зімбірді аузыңызға салып, сорыңыз. Зімбір ас қорыту жүйесінің жұмысын реттеп, улы бактерияларды жояды әрі тыныс алғанда шығатын жағымсыз иісті болдырмайды.
Аскөк қайнатпасы
1 ас қасық ұсақтап туралған балғын немесе құрғақ аскөкті термосқа саласыз. Үстіне 2 стақан қайнаған су құйып, тұндырып қойыңыз. Бөлме температурасында салқындаған кезде тұнбаны сүзіп алып, жарты стақаннан қабылдайсыз. Емді тамақтанудан алдын жүргізу керек.
Түймедақ тұнбасы
1 ас қасық түймедақты 200 мл қайнаған суға салып, тұндырып қойыңыз. Шамамен 3-4 сағаттан соң тұнбаны сүзіп алып, 2 ас қасықтан күніне 4 рет ішесіз. Емді тамақтан 15-20 минут алдын қабылдау керек.
Жаңғақ пен лимон
100 гр. грек жаңғағы мен 1 дана лимонды қабығымен еттартқыштан өткізесіз. Оған 50 гр. дәріханада сатылатын балшық пен татымына қарай бал қосып, жақсылап араластырыңыз. Дайын болған қоспаны таңертең және кешке 1 шай қасықтан қабылдайсыз. Қоспаны тоңазытқышта сақтау керек. Емді тамақтанудан жарты сағат бұрын жүргізу керектігін ұмытпаңыз.
Кефир
Іштің кебуін емдеуге кефир таптырмайтын дәрі екенін ұмытпаңыз. Күнде жатар алдында 1 стақан кефир ішуді әдетке айналдырыңыз. Сонда іш кебу, асқазан ауру, асқорыту жүйесінің жұмысы бұзылу, қыжыл сынды жайсыздықтардан түбегейлі арыласыз.
Кефир улы бактерияны жойып, ағзаңызға жайлылық сыйлайды.
Ләззат АХМЕТОВА,
суреттер: ашық дереккөзден алынды
Тағы оқыңыз:
Қан қысымыңыз төмендегенде тіліңіздің астына тұз тастаңыз
Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.