«Қуандықпен жарасады» дегенді оқысам ашуланам»
Актер Бауыржан Сатов әйелі, әнші Альбина Шардарованы Қуандық Рахымнан қызғанатынын мойындады. Бұл туралы ол әріптесі Тәуекел Мүсілімге айтты.
«Альбина әнші ғой, халықтың алдында жүреді. Қызғанамын. Соңғы рет осы жақында ғана Қуандықпен концерт беріп, Батыс өңірлерді аралады ғой. Гастрольдік сапармен. Мен екі баланы алып үйде қалдым. Оларда күнде мерекелік іс-шара. «Инстаграмнан» қарап отырасың ғой. Сол жерге жазылған пікірлерді оқысам, «Альбина негізі Қуандықпен жарасады, анау-мынау» дегендерді оқығанда жүрегіңе тиеді екен кәдімгідей.
Адамдар Альбинаның отбасылы екенін біледі ғой, сөйте тұра «Әттең, екеуі қосылмады, жұп болмады» деп жазады. Сол маған қатты әсер етеді. Альбина менімен емес, Қуандықпен жарасады деген сөздің өзі жайсыз тиеді. Бірақ Альбина бұл жағынан «повод» берген емес. Бәріне өзім ғана кінәлімін ғой, ойдан бірдеңелерді құрастырып алам.
Альбинаны көбіне мен ренжітем. Сөйтіп өзім бірінші боп кешірім сұраймын. Ұрысам, кейбір кездері ел-жұрттың көзінше ұрысып тастаймын. Майда-шүйде нәрсеге ашуланып кете салам. Ол негізі дұрыс емес нәрсе, айтарыңды жеке қалғанда айту керек. Мен соны енді түсініп, енді үйреніп жатырмын. Мен ұрысқан кезде ол үндемей құтылады. Жынданып, айқайлап отырғанда алдыңдағы адам үндемей қалса біртүрлі боп қалады екенсің. Содан тез қайтып, кінәлі сезінесің» деді Бауыржан Сатов.
Айта кетейік, Альбина Шардарова мен Бауыржан Сатов 2018-жылы отбасын құрған. Актер бұған дейін бір рет үйленіп, ажырасқан. Екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр.