«Әлі күнге басымда баспанам жоқ»: Құралай Нұрқаділова банк пәтерін тартып алғанын айтты

0
3 574

«Қыс уақытында кәмелетке толмаған балаларыммен далада қалдым»


«Әлі күнге басымда баспанам жоқ»: Құралай Нұрқаділова банк пәтерін тартып алғанын айтты

Танымал дизайнер, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қызы Құралай Нұрқаділова бүгінде баспанасыз жүр. Бұл туралы белгілі сәнгер «Хит ТВ» арнасындағы «Менің өмірім» бағдарламасында айтты.


– Халық үшін күресем деп пәтерсіз қалдым. Адамдарға банктерден қалай қорғануды, өз мүліктерін қорғауды үйреттім. Әділдік үшін қасқайып қарсы тұрдым. Есесіне банк менде кеткен кегін жалғыз баспанамды тартып алу арқылы қайтарды. Сол кезде қыс уақытында кәмелетке толмаған бала-шағаммен далада қалдым, - деді дизайнер.


Сондай-ақ, ол 20 жыл қазақ сән өнеріне мүлтіксіз қызмет еткенін, енді өзі үшін өмір сүріп бастағанын жеткізді. Сурет салуға шындап кірісіпті.


– Алғашқы салған картинамды белгісіз жан 50 мың долларға сатып алыпты. Оның кім екенін өзім де білмеймін, бәлкім жұмбақ ғашық жан шығар. Бәлкім, өнердің шын жанашыры болар.


Балалар өсті, ендігі өмірімді өзіме арнап жатырмын. Өзімді жақсы көріп дегендей. Қалаларды аралаймын. Бұрын адамды тек сыртқы болмысына қарап танитынмын, қазір ішкі жан-дүниесіне үңіліп тұратын болдым.


Мен дизайнерліктен кетсем бе деп жүрмін. Психологияға бет бұрғым келеді. Себебі, адамды тек сыртына қарап емес, ішкі жан дүниесі арқылы тануды үйрендім. Бірақ, кім болатынымды әлі өзім де білмеймін. Өзімде де үлкен трансформация жүріп жатыр. Бәлкім, психололог-мотиватор, мүмкін суретші болармын, не кітап жазармын, - деді ағынан жарылып.


«Дизайнер ретінде Қазақстанға көп еңбек сіңірдім. Қаншама жобаларым тарихта қалды. Ешкім мені көшіре алмайды. Қазір басқа ойлар келуде. Тұрғылықты мекен-жайымды да ауыстырып жатырмын. Мәскеуге көшіп жатырмын. Қазір көшпесем, он жылдан соң өкінетінімді сеземін. Менің көп клиенттерім шетелден. Жалпы, өзімді шетелдің адамымын деп есептеймін. Масштабым үлкен. Бір жерде отыра алмаймын. Мүмкін Парижде сату көрмесін ұйымдастырармын. Егер істеймін десем, істеймін. Көрме өткізгім келсе, 5 минутта істей аламын. Өз армандарымды іске асырған адаммын. Кітап жазғым келсе, оны да жазып тастаймын. Менде жоспарлар көп» деген Құралай Нұрқаділованың сөздерінен психологияға терең үңілгенін аңғару қиын емес.


Оның ойынша, психолог ешқашан кеңес бермеуі керек. Тек бағыт-бағдар беруге тиіс.


Мен 15 жастан бастап еңбекке араластым. Әкем маған: «Тегіңді пайдалану туралы ойыңа да алма! Мақсатыңа өз еңбегіңмен жет!» деп ашығын айтты. Содан мен көрмелерге қатыса бастадым. Бірақ, лақап атпен. Немесе анамның тегін жазатынмын. Сөйтіп, осы күнгі жетістігіме өз күшіммен, еңбегіммен жеттім, - деді.


– Ерте есейген адамдар балалығымен ерте қоштасады деген тәмсіл бар. Сіздің балалығыңыз қалай өтті? – деген сауалға:


– Өз балаларымды көлеңкеде өсірдім. Өзіме келсем, Заманбек Нұрқаділовтің қызы болғаным үшін балалығым басқашалау өтті. Менің өміріме өзімнен басқа саясат та араласты. Менің өмірімдегі қарым-қатынастар жәй ғана қатынас емес еді. Анағұрлым күрделірек болды. Сатқындық, ауыр сәттер, осының бәрінен өттім. Барлығы үшін ризамын. Миллиардерша болатын деңгейім бар еді. Бір себептермен миллиардерша болмадым. Өмірім өте қызықты болды. Көп тәуекелдерге бардым. Еске алатын, айтатын нәрселер көп. Болашақта кітап жазатыным аян.


Қазір өзім үшін өмір сүруді үйрене бастадым. Менде әкемнен берілген патриоттық сезім бар. Дегенмен, өзің үшін де өмір сүруге болады екен, - деп жауап берді Нұрқаділова.


Сонымен бірге өткен шағына ойша оралған дизайнердің өмір өткелдері оңай болмапты. Дұрыстап киіне де алмапты. Таңертең тоңазытқышты ашқанда «Балаларыма не беремін?» деп жылайтын да күндерді өткізіпті болыпты. Алайда, халық оны ол күйінде қабылдамапты.


– Әлі күнге дейін басымда пәтерім жоқ екенін айта алмаймын. Себебі, маған «жараспайды». Бір кездері әлем бойынша өз атымды қалыптастыру үшін 8 млн АҚШ долларын жұмсадым. Өз еңбегіммен тапқан қайтарымсыз қаржы. Оның бәрі бір сәтте құрдымға кетті. Елде менің жолдарымды жауып тастады. Себебі, банкке көп құзыреттілік беріп қойған. Жоғарыда айтқанымдай, банк осылайша кегін қайтарды.


Сұхбат барысынан белгілі болғандай, Құралай ханымның анасы қазір жалғыз тұрады екен. Құлшылыққа бет бұрып, қажылық парызын өтепті. Анасы да, ағасы да көпшілікке көрінгенді ұнатпайтын көрінеді. «Ал шынтуайтында көп дүниені біледі. Бірақ, үнсіз қалғанды жөн санайды. Мәселен, Мақпал (Жүнісова) біздің отбасының жеке шекарасына жиі қол сұғады ғой. Ал айқайлаған ақылды емес, үндемеген адам парасатты. Үндемейтін адамдарды бағалай білу керек. Әкемнің жаназасы кезінде де анам көпшілікке көрінбеді. Әкемнің авторитеті үшін тыныш жүргенді құп көреді. Әкем анаммен көп ақылдасатын. Анам саясаткер ретінде де өте білімді, дана адам. Әкемнің жетістікке жетуіне ықпал еткен менің анам», - деді Құралай Нұрқаділова.