​«Әнімді қайтара алмай жүрмін»: Ғазизхан Шекербеков әнін рұқсатсыз орындайтындарға ренішін білдірді

0
2 901

«Бәрін ашық айтып, дұрыстап сұрау керек»


​«Әнімді қайтара алмай жүрмін»: Ғазизхан Шекербеков әнін рұқсатсыз орындайтындарға ренішін білдірді

Әнші, композитор Ғазизхан Шекербеков өз әнін қайтарып ала алмай жүрген көрінеді. Бұл туралы ол «Өзіміз ғой» бағдарламасында айтып берді.


«Ән шыққан соң түсінеді-ау деген бір-екі адамға тыңдатамын. Олар «иә, жақсы екен» десе, демек ән ұнап тұрған жоқ деп есептеймін. «Мәссаған, тағы қойшы» деп айтпаса көңілім көншімейді. Яғни жүрегіне жетті деген сөз. Сөйтіп өзімше іштей дауыс жинап, хит болар-болмасын болжаймын.


Бірақ, болжамым әркез сәтті бола бермейді. Кейде шатасамын. Алдында бір әніммен бір жылдай жұмыс істедім. Қайта-қайта аранжировкасын өңдеп, біраз бас қатырдым. Жаздың кезі еді, негізі жазда көңілді, жылдам әндер өтімді ғой. Ал бұл баяу ән-тұғын. Соны мен өзімше біледі-ау деп біреуге тыңдаттым ғой. Ол аса мақтамады, «жақсы екен» деп қоя салды. Сосын мен оны бір әншіге бере салдым.


Енді, арада біраз уақыт өтіп кетті ғой. Қазір сол әнді бергеніме өкінем. Сыйлап қойған соң сұрап алу да ыңғайсыз екен. «Өзім айтайыншы» деп айтуға аузым бармайды. Жігіттікке жараспайтын дүние негізі» деді Ғазизхан Шекербеков.


Ол сондай-ақ, «бір бағдарлама немесе кино үшін» деп әнін сұрап, кейін содан табыс тауып жүрген әншілерге ренішін білдірді.


«Әнді сұрағанда «тек мынау үшін» деп алып алады да, артынан барлық жерде айтып жүре береді. Сондықтан сұрағанда бәрін ашық айтып, дұрыстап сұрау керек. Немесе кейін «мен мына әнді бағдарламаға сұрап алып едім, халықтан сұраныс түсіп жатыр, әрі қарай айта берсем бола ма?» деп бір ауыз ескертуі тиіс. Мен өзім сондаймын. Мысалы «Кавер-шоуда» «Дариға жүрек» әнін айттым, болды. Одан бір пайда көріп, табыс табу ниетім жоқ» деді өнер иесі.