«Екі күнде төменгі қабаттан пәтер алдым»
Ерекше дарынды әнші Тамара Асар қазіргі ел Президенті Қасым-жомарт Тоқаевтың ел басқаратынын алдын-ала болжағанын жайып салды. Бұл туралы әнші «Жарқын жүздесу» бағдарламасында айтып берді.
«Мұны көріпкелдік деп айтуға келмейтін шығар. Бірақ та адамның келбетіне, пошымына қарап кім болатынын болжай аламын. Бұл оқиға 2003-жылы болған, емдеу-қайта оңалту шараларынан өтіп, денсаулығыммен алысып жүрген кезім, маған бір кісі телефон соқты. «Осындай, үлкен тұлғалар келіп жатыр, сол кісілер сіздің әніңізді естісе, бір-екі ән айтып берсеңіз» деп қолқа салды.
Үйде бір жарым жасар Қамбарым бар. Тоғызыншы қабатта тұрамыз. Терезенің алдындағы жылыту батареясына белінен байлап, отырғызып, алдына үш бөтелке шұбат қойып, үлкен кісілердің алдында өнер көрсетуге кеттім. Барып, айтам деген әндерімді айтып, қайтуға оқталып жатсам, әлгі мені шақырған адам «Тағы қалыңызшы, келген қонақтар сіздің әніңізді тағы тыңдағысы келеді» деп жібергісі келмей тұрды. Мен оған «Балам жалғыз, тоғызыншы қабатта тұрамын, лифт істемейді» деп жағдайымды айтып жатқанда әлгі қонақтар дәлізге шығып келе жатқан екен. Мені көріп, жағдайымды бастан-аяқ тыңдады да, «Не істейміз, жігіттер, лифт жөнделе ме, әлде мына қызымызды төменгі қабатқа түсіреміз бе?» деп жан-жағындағыларға қарады. Айтқанын екі еткен жоқ, екі күнде лифт те істеді, маған төменгі қабаттан пәтер де берілді.\
Енді менің жағымпазданғаным, маған пәтер бергенінен емес, ол кісі менің проблемамды тыңдамай тұрып-ақ, іс-шарада ән салып тұрғанда ол кісінің басқаша тұлға екенін, басқа форматтағы адам екенін сездім бе деп ойлаймын. «Қазақстанның келесі Президенті осы кісі болады» деп ішімнен күбірлеп қойып едім. Айтқаным айдай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір елімізді басқарып отыр» деді Тамара Асар.