«Неге ҚАЗАҚША сөйлемейсіз?»
Белгілі тележүргізуші, продюсер, блогер Динара Сәтжан Түркияның бірінші ханымы Эмине Эрдоган мен түрік министрлерінің әйелдерін арнайы күтіп алып, өзінің дүкенінде қонақ еткені әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Осындай мәртебелі іс-шараны ұйымдастыру үшін Қазақстандағы көп дизайнердің ішінен неге дәл Динара Сәтжан таңдалғанын «Хабар» арнасындағы «Оян» бағдарламасына берген сұхбатында блогердің өзі кеңірек айтып берді.
– Неге екенін білмеймін, маған әкімдіктен хабарласты. Бізге «Түркияның Президенті Ердоған мен бірінші ханымы Эмине ханым, бірнеше министрдің әйелі келеді, сіз күтіп алсаңыз» деді. Эмине ханым дизайнерлік киімдерді жақсы көреді екен. Бір апта менің дүкенімде үлкен өзгерістер болды. Бәрін қайта қарап, тексерді. Мен «Ет асайын» дедім. «Жоқ, тек шәй жасасаңыз болды» деді ұйымдастырушылар.
Менің дүкенімде подиум бар. Яғни, менің шоурумым – мультижоба деп айтас да болады. 30-дан аса дизайнермен жұмыс істеймін. Енді мені фб-да «Неге Динараның дүкенінде?» деп сынап жатыр. Енді оны әкімдікте не музейде көрсете алмайсың ғой.
Біз Эмине ханымды күттік. Бірақ, келе алмады. Делегациямен қонақүйге барыпты. Бізге министрлердің әйелдері келді. Олар бізде мықты сапалы киімдер бар деп күтпегенін айтты.
Ердоған шетелге іссапармен барғанда Эмине ханыммен бірге министрлердің әйелдері де қоса барады екен. Қазақстанда министрдің әйелдері түгілі өздерін танымаймыз Мен Эмине ханым келмесе де күмістен жасалған әдемі әшекей беріп жібердім. Келесі күні ол да маған сыйлық беріп жіберіпті.
Мен әрдайым жаңа ұсыныстарға ашықпын. Жоқ жерден бәле іздеудің қажеті жоқ. Бұл жерде ешқандай пайда көздемедім. Бір ғана мақсат бар, өз өнімімізді алға жылжыту, - деді Динара Сәтжан.
Расымен желіде «Неге дәл Динараның дүкенінде күткен?», «Қазақша таныстырса қайтер еді?», «Басқа дизайнерлер құрып қалып па?», «Өзге ұлттардың алдында қазақша сөйлегеніңізде керемет болар еді. Өзіміздің тіліміз жоқ бейшара сияқтымыз. Эх, түріктердің патриоттығы жетіспейді бізге…» деген сыңайдағы пікірлерді көптеп кездестіруге болады.