​«Бізде билік жоқ... Соғыста да ән айтқан»: Әншілер су басқан өңірлерге жоспарлаған концерттері жайлы айтты

0
867

«Аудара салатын ақшам жоқ»


​«Бізде билік жоқ... Соғыста да ән айтқан»: Әншілер су басқан өңірлерге жоспарлаған концерттері жайлы айтты

Еліміздің бірнеше облысын су басып, халықтың әбігерге түскеніне аптаға жуықтады. Жағдай әлі де тұрақсыз. Көпшілікті алаңдатқан бұл мәселе өнер адамдарын да ойландырып қойды. Себебі әншілердің көбі су басқан өңірлерге концерттік бағдарлама жоспарлап, кейбірі тіпті билеттерін сатып үлгерген.


60 жас мерейтойын концерттік бағдарламасымен әр қалаға барып, өнер көрсетіп жүрген Қазақстанның Халық Әртісі Мақпал Жүнісоваға әлеуметтік желі қолданушылары «Жұрттың басына күн туғанда неге концерт бересіз?» деп пікір қалдырған көрінеді.


«Құрметті халайық, мынау әрбір жерде болып жатқан топан-су, зілзала, апат деген аяқ астынан, айтпай келеді. Соның бәрі енді өз шешімін тапсын деп тілейміз. Мен ел басқарып отырған адам емеспін. Алдын ала жоспарланып қойған концерт еді. Енді «концерт берме» десеңіздер, онда оны өздеріңіз айтыңыздар. «Берме» десеңіздер бермейміз, қайтеміз. Бірақ билеттердің бәрі сатылып қойған. Маған «Неге концерт беріп жүрсің?» деп жазған екен. Бәрі жақсы болсын енді, аман болыңыздар!» деп Мақпал Жүнісова өз концертінің «тағдырын» тыңдармандарының таразысына қалдырды.


Әнші, сазгер Ғазизхан Шекербеков те тыңдармандарынан ақыл-кеңес сұрады.


«Біз бәріміз қолымыздан келетін еңбегімізді сату арқылы өз күнімізді көрудеміз. Біз Жаңаөзен, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Атырау, Алматы қалаларына концерт жоспарлап қойып едік. Билеттердің біразы сатылды. Осы ретте маған мынадай ой келді: Елде мынадай жағдай болып жатқанда концертті кейінге қалдырып, жаңалық қарап жатамыз ба? Әлде, «оған дейін күн жылынып, біраз шаруа реттеліп қалар» деген оймен, ел болып жақсылыққа сеніп, сол концерттен түскен қаражатты судан зардап шеккен отбасыларға аударып жібереміз бе? «Концерт бермей-ақ өз ақшаңнан көмек бере бер» деп айтатын жандар болса, бірден айтайын, менің ондай ақшам жоқ. Ал енді екі нұсқаның біріне дауыс беріңіздер» деп жазды Ғазизхан әнші.


«Инстаграм» қолданушыларының басым бөлігі екі әншінің де концерттік бағдарламасына қолдау білдірген. «Соғыс кезінде де концерт болған. Табиғи апатқа әншілердің кінәсі жоқ. Керісінше, елдің еңсесін көтеріп, әндеріңізбен серпілтіп қайтыңыздар», «Билеттерін сатып қойса, концерттің болмай қалғаны дұрыс емес. Апат айтып келмейді. Сондықтан өнерлеріңізді көрсетіңіздер», «Соғыста да Роза апаммыз ән шырқаған», «Әркім өз жұмысымен айналыссын. Әншілерге тиіскен адамдар қазір тойда секіріп билеп жүрген шығар», «Күні ертең не боларын ешкім білмейді, сондықтан жақсылықтан үміт етіп, әндеріңізді шырқап жүре беріңіздер» деп жазды көпшілік.