«Кеш болмай тұрғанда ойланыңыздар!»
Белгілі актер, әзілкеш Алмат Сақатов инстаграм парақшасында ұдайы қоғамдағы көкейтесті мәселелерді қозғап, өткір пікірін айтып жүреді.
Өнер иесі алдында бағынбай кеткен баға саясатын тілге тиек етсе, енді мемлекетімізде орыстардың көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Актер жуырда Семей-Қызылорда бағытындағы пойызбен жүргенінде толған орыстарды көріп, шошығанын айтты.
«Өзім пойызбен көп жүремін. Жақында Семей-Қызылорда деген пойызбен келдім. Сонда 13 вагонның 10-ында орыстар отыр. Үлкен жүк артып алған. Қасында 8-10 жастағы балалар. Қазір каникул емес, олар қайда бара жатыр? Вокзалға түссем, ол жақта да толған орыстар. 107 депутаттың ішіндегі қазақ тілін қолдай алмай отырған есалаңдау саясаткерлерге айтайын деп отырмын. Есі дұрыс емес саясаткер елді де есуас қылады. Сіздердің бірінші міндетіңіз Қазақстанның мәдениетін, тілін ойлау. Уинстон Черчилльдің алдына мемлекеттік бюджетті әкеліп берген кезде «Мәдениетке бөлінген бюджет қайда?» деген кезде «Соғыс боп жатыр ғой» депті. Сонда «Онда не үшін соғысып жүрміз?» деген екен. Ертең кеш болып қалады ғой. Ойлансаңыздаршы!» - деді әзілкеш.
Желі қолданушылары «Енді қалай болады екен? Не істеуге болады? Ұлтым аман болса екен!», «Өте дұрыс айтасыз, Қазақстанды орыстар басып кетпесе болғаны», «Есалаңдау емес, таза есалаңдар отыр ғой», «Есалаңдарға бәрібір, шырылдаған саған бәле жаппаса болды», «Ішің күйеді-ау! Сол келе жатқандар кезінде Қазақстанды тастап, көшіп кеткендер... Бізге жақсылық жасамайды» деген сияқты пікірлерін жазып қалдыруда.