​«Итіме ескерткіш қоюды аманаттадым»: Композитор Қалдыбек Құрманәлі өлім аузында жатқан кезін есіне алды

0
2 894

«Әйеліме «Екі үйім бар» деп алдап үйленгем»


​«Итіме ескерткіш қоюды аманаттадым»: Композитор Қалдыбек Құрманәлі өлім аузында жатқан кезін есіне алды

Композитор, қоғам қайраткері Қалдыбек Құрманәлі «Алғашқы» бағдарламасында өміріне қауіп төнген кезді есіне алды. Өнер иесінің жүрегіне 2021-жылы күрделі ота жасалған екен. Дәрігерлер оған «барлық нәрсеге дайын болыңыз» деп ескерткен көрінеді.


«Сағат, минут санап кетесің ғой. Ауруханада дәрігер келіп «үш күннен кейін жасаймыз... екі күн қалды» деп айтып тұрады. Ол маған «ажалыңа екі күн қалды» дегендей естіледі. Бір палатада жалғыз өзім жаттым. Тірі қалуым бірінші Құдайдың, екінші осы дәрігерлердің арқасы ғой.


Ота алдында бір-ақ нәрсе ойладым, ол менің Құтжол деген итім еді. Құтжолға кезінде «саған ескерткіш қоям» деп уәде беріп едім. Егер олай-бұлай боп кетсе Құтжолға кім ескерткіш қояды деп уайымдадым. Сосын балаларыма хат жаздым. «Мен кетіп жатсам, жұрттың қарсылығын қарамай, ауылда Құтжолға ескерткіш қойыңдар» деп айттым. Балаларымның болашағын уайымдамадым. Бәлкім менің кетіп қалғаным оларға кішкене еркіндік сыйлайтын шығар, себебі оларға қатал әке болдым. Тек қызымды ғана ойладым. Қазір қызыма «сен үшін тірі қалдым» деп айтып отырамын», - деді Қалдыбек Құрманәлі.


Өнер иесінің "Құтжолға ескерткіш қоямын" деуінің де өзіндік себебі бар екен. Композитор арман қуып Алматыға кеткенде оны Құтжолдан басқа ешкім шығарып салмаған.


"Бір анадан 8 ұл, 4 қыз едік. Қазір соның жартысы ғана қалдық. Ауылдан ең соңы боп мен кеттім. Сонда Құтжол мені ауыл сыртына дейін артымнан қалмай, ілесіп шығарып салған. Кейін балам Мұхтар Шахан мүсінші мамандығында білім алып, дипломдық жұмысына "Қара шаңырақты күзеткен Құтжол" деп итімнің мүсінін жасады. Оны қазір ауылда тұрып жатқан үйімнің ауласына орнаттым. Енді Созақтан Жезқазғанға қарай шығатын үлкен жолдың бойына да Құтжолға арнап ескерткіш қойамын", - деді ол.


Композитор сондай-ақ әйелімен танысқан, үйленген сәтін айтып берді.


«Еш жерде айтпаған бір құпияммен бөлісейін. Мен алдын басқа бір қызға үйленетін болғам. Дастархан жайып, ортаға тортты алдырып, отырыс жасағанбыз. Сонда қазіргі келіншегім «Қалдыбек аға, бақытты болыңыздар» деп тілек айтқан. Бірақ ол қызға үйленбей қалдым. Арада екі ай өткенде Эльмирамен бас құрадық.


Жеңгелеріңе үйленген кезде ол екінші курста оқитын студент еді. Өз тойымды өзім жасаған адаммын. Той жақсы өтті. Тойдан кейін досымның үйіне барып тұрдық. Баратын жеріміз жоқ қой. Осы жерде бір өтірігім жайлы айтайын. «Үйім бар десем маған көніп, тиетін шығар» деген оймен жүріп жүрген кезімде «Басымда екі үйім бар» деп алдағам. Риза болғаным, әйелім үйленген соң «Сол кезде айтқан үйіңіз қайда?» деп сұрамады. Мен көрген қорлықтың жартысын тең бөлісіп, көтерді. Кейде ренжитін, кейде маған тигеніне өкінген де шығар. Бірақ «Үйім бар деп едің» деп бетіме баспады. Құдай өзі сәтін салып, Иманғали Тасмағамбетов қалаға әкім боп келгенде маған екі үй берді. Сол кезде әйеліме «Баяғыда айтқан екі үйім осы еді» деп әзілдеп айтқаным бар. Менің бар кінәм – алдын ала айтып қойғам...» - деді Қалдыбек Құрманәлі.