«Еркеліктің де шегі болуы тиіс» деп ашуланды көпшілік
Әнші, продюсер, көпбалалы әке Қыдырәлі Болманов «Инстаграм» парақшасында бала тәрбиесіне қатысты өз ұстанымымен бөлісті.
«Бес жасқа дейін не істесе де, балаға дауыс көтеруге, ұрысуға, жекіруге болмайды! Әсіресе қыз баласына. Бұл қылымды атам қазақ баяғыдан білген. «Бес жасқа дейін басыңа мінгіз, еркелет. Он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса!» деп айтқан. Ал жапондықтар баласы батпаққа түсіп, үсті-басына жағып, батпақта жатса да ойнап болғанша ұрыспақ түгілі, күтіп тұрады. Өйткені бұл – бұзықтық емес. Бұл баланың айналасын тануы, танысуы, әрі ойыны. «Сенсорика».
Үйде ойнап жүріп, қымбат құмыра, не басқа да бір затты байқамай сындырып алса да қабағыңды түймей, Алла бере салған балаңды құшақтап тұрып, «мен үшін өмірдегі ең қымбат дүние, ол – сенсің, құлыным. Мен сені өте жақсы көремін, ештеңе етпейлі» деп қорқынышын сейілтіп тастаған жөн. Сонда ғана бала ана, әкесінің қалтқысыз жақсы көретінін, қолдаушы, қорғаушысы бар екенін, сонда ғана бала ана жылуын жан-жүрегімен сезінеді. Ата-ана мейірімімен өскен баланың өзіне деген ішкі сенімі, құрметі қалыптаса бастайды.
Сенім – сәбидің өсе келе өмірге құлшынысын қалыптастыратын, рухын биік қылып, қажыр, қайрат, жігерге айналатын қасиет. Санасына сенім қалыптасып, мейірім шуағымен өскен бала, ең аз дегенде жалтақ, жасық болмайды» деп жазды Қыдырәлі Болманов.
Айта кетейік, өнерлі жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның кенже қыздары Айзада әлеуметтік желіні шулатқан болатын. Бес жасқа енді толатын бүлдіршін үйінің ішін, үсті-басын көк сиямен айғыздап, еденді, кілемді түгел бояп тастаған еді. Ал оны Қыдырәлі Болманов видеоға түсіріп, өз парақшасында бөліскен.
«Мынаны өздері тазаласа мейлі ғой, күтішулеріне жуғызатын шығар. Біреудің еңбегін неге ойламайсыздар?! Еркіндіктің де шегі болуы тиіс», «Қарақаттың өзі жинаса бұлай істетпес еді», «Дұрыс, баладан дүние артық еме, бояуға рұқсат бергеніне қуандым», «Қанша жерден айлық төлеп отырса да үй қызметшісінен обал ғой, балаға тәйт деп үйрету керек», «Өздері тазаламаған соң бәрібір бұларға, есіртіп жіберіпті қызын», «Қыдырәлінің сабырлылығына басымды идім» деп пікір білдірген болатын көпшілік.