Қоғам белсенділері мен танымал журналистер "Өз ойым" бағдарламасын сынға алды. Сондай-ақ, желі қолданушылары да өз пікірлерін жарыса жазуда.
Фото: әлеуметтік желіден алынды
Дана Нұржігіт бастаған бір топ елге танымал журналистер мен қоғам белсенділері «Өз ойым» бағдарламасының жабылуын талап етеді. Ләйлә Сұлтанқызы тізгіндейтін бағдарлама бұған дейін де бірнеше рет сынға іліккен. Алайда, ұжым бұл жолы заң шеңберінен асып кетті, дейді олар.
Жуырда "Өз ойым" ток-шоуында "Қыздық перде қызықтыра ма?" деген тақырып талқыланған болатын.
Осыған орай белгілі журналист Арман Сқабайұлы «Өз ойым бағдарламасы жабылуы тиіс» деген жазба қалдырған. Оның ойынша бағдарламаны заң шеңберінде қарап, порнографиялық тақырыптарды насихаттағандарды жауапқа тартуды ұсынды.
"Көпшіліктің, көрерменнің, әріптестердің пікіріне пысқырмайтыныңды білемін, Ләйлә Сұлтанқызы! Бірақ, Қазақстан Республикасы БАҚ туралы заңының 13 бабына сәйкес «...телерадиобағдарламаларда порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық тақырыпты» насихаттағаныңыз үшін бағдарламаңыз жабылып, құрылтайшыларыңыз жауапқа тартылатынын неге білмейсіз? Ал Қылмыстық Кодекстің 309 бабына сәйкес, «жеңгетайлық» жасағаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сіз шынымен керемет журналист болсаңыз эфирде сол сексуалды-эротикалық тақырыпты қозғап, абыройын сататын қызды жарнамалаған кезде осыны ойлауыңыз керек еді. Бұл мәселеге Ақпарат және Қоғамдық келісім министрлігі жауап береді деп үміттенемін» - деп жазады Facebook -тегі парақшасында.
Көп жылдардан бері телвизия саласында қызмет атқарған, тележүргізуші Дана Жұржігіт бағдарламаның өзіне емес, Ләйлә Сұлтанқызының қозғаған соңғы тақырыбын сынға алды. Қыз пәктігінің саудасын елге насихаттағанша, өліп кету керектігін айтады.
"Мен "пәктігімді саудаға саламын" деген тақырыпта бағдарлама жасап, кейіпкерге ақша төлеп, "хабар жасадым" десем... Құдай қарттық беріп жатса,болашақта баламның бетіне қарай алмас едім.Нәжісті лоқсымай,жымиып қойып,езіп отырып, абыройды рейтингтен төмен қою үшін ет өліп кету керек!» - деп пікір білдірді Дана Нұржігіт.
Дәл осылай көксеген Дана Нұржігіттің ойына, әріптесі Асхат Садырбай да қосылады екен. Бүгінге дейін Ләйлә Сұлтанқызымен әріптестік сыйластықты алға тартып, үндемей келген. Дегенмен де, қазақ қызының ары саудаға түскен тақырып қозғау, жүргізушінің ашуына тиіпті.
Осы уақытқа дейін алдыңғы буын ғой, әріптес қой, өзім тв саласында жүріп әріптестердің кемшілігін айтқаным дұрыс болмас, солидарность сақтайық деп келдім. Бүгін "Өз ойым" бағдарламасында өзінің және құрбысының пәктігін саудаға салып бизнес жасап жүрген бикештің әңгімесін тыңдап,көріп шок болдым. Айналайындар-ау, бұл не масқара? Осы уақытқа дейін бұл бағдарламада қаншама арсыз нәрселер ашық насиxатталып келді, қоя ма десек жоқ, керісінше күшейіп барады ғой. Редакцияда бағдарламаны дайындап жатқанда бұл кейіпкерлердің әңгімесі жұртқа не береді, жастардың санасына қалай әсер етеді деп ойлайтын маман жоқ па сонда? Әлде рейтинг жинаудың ең арзан тәсілі ме? Сол рейтинг сіздерге қанша теңге табыс әкеледі, айтыңыздаршы? Бір қауым ел боп ақша жинап берейік, сіздер бұл бағдарламаны көрсетпей-ақ қойыңыздар», - деп жазды ол Facebook-тегі өз парқшасында.
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Бейбіт Қазыбеков те бағдарламаның эфирден алынғанын қалайды. Оның ойынша «Өз ойым» деп ойына келгенін істейтіндер абыройын сақтайтын ұрпақ тәрбиелей алмайды.
«Ұлттық идеологияны құртатын осындай бағдарламаларды эфирден алу керек. Қанша дегенмен демократия болса да, Біз қазақпыз, намысын таптатпаған ұлы елдің ұрпағымыз. Қазақ халқы әу бастан қызға қырық үйден тиым деген. Қыз елдің айнасы деп ерекше көңіл бөлген. Қыздың абыройы қашанда жоғары тұрған. Сондықтан біз абыройын сататын адамдарды емес, абыройын қорғайтын адамдарды тәрбиелеуіміз керек. Бәлкім сіз бұл бағдарламаны білмейтін де шығарсыз. Білмесеңіз сізге көруге кеңес беремін. Абыройын сату деген не сұмдық? Соны жариялау кімге керек? Ертең осыны көрген қаншама жасөспірім мынау жақсы дүние екен деп сондай қадамға баруы бек мүмкін ғой. Өзіңіз айтыңызшы, қоғамның дамуы үшін осы бізге керек пе? Бұған бөлген ақшаға тәрбиелік мәні бар бағдарлама түсірсе сол пайдалы емес пе еді? Өз ойым деп ойына келгенін жасап, аузына келгенін айта берсе бұдан ұлтқа не пайда?», -дейді ол.
Бұл жөнінде әлеуметтік желі қолданушылары да жаппай пікір қалдыруда. «Ұлттық менталитет пен қазақы болмысқа келмейтін тақырыпты қозғау барып тұрған азғынның ісі» дейді олар. Олар тіпті, бағдарлама барысында сүйікті журналисін жек көріп кеткендерін де жасырып қалмады.
«Рейтинг үшін абыройын төкті. Масқара! Ұят», «Қайран Қазақ журналистикасы кайда кетіп барады. Азғындықтың шегі шыгар. Қазақтардан басқа мемлекетте дәл осындай Ләйлә жок шығар. МАСҚАРА.», «Есі дұрыстау қарындасым ба деп жүруші едім. Ар-ұяттан жұрдай мәңгүрт екен ғой! Атақты да абыроймен жинаған жөн. Ләйлә шектен тыс пиариттайды, ұят!», «Бағдарлама арқылы өзім жақсы көретін, жібектей есілген Ләйлә Сұлтанқызын жек көріп кеттім. Бұл - сорақылық! Оны ойлауға журналист ретінде де, ана ретінде де өресі жетеді деп ойлаймын. Масқара!», - деп пікір білдірген желі қолданушылары.