​«Отбасыма тіл тигізіп жатыр»: Мұхамедәлі Жүгінісов «Қазақстан дауысы» байқауынан кететінін мәлімдеді

0
11 483

«Ағаларының арқасында жеңіп кетеді...»


​«Отбасыма тіл тигізіп жатыр»: Мұхамедәлі Жүгінісов «Қазақстан дауысы» байқауынан кететінін мәлімдеді

«Қазақстан дауысы» байқауының қатысушысы Мұхамедәлі Жүгінісов жобадан кететінін мәлімдеді.


«Осы жоба басталғалы менің атыма айтылып жатқан сын өте көп. Олар тіпті еш қатысы, жазығы жоқ отбасыма тіл тигізіп жатыр. Сондықтан жобаны осы жерден тоқтатуды жөн көрдім» деді тікелей эфирде Мұхамедәлі Жүгінісов.


Күтпеген жаңалықты тәлімгерлер тосырқай қабылдады. Бәрі бір ауыздан Мұхамедәліге қарсылық білдірді. «Мен сенің тәлімгерің ретінде бұған жол бере алмаймын. Сені жеңіске жетеді деп үміттеніп, осы уақытқа дейін жетелеп, басқа қатысушылардың жолын кесіп, өзіңді жартылай финалға дейін әкелгенде, мынау айтқаның дұрыс емес» деді тәлімгері Жанар Дұғалова.


Кезінде жас әншінің тұсауын кескен композитор Төлеген Мұхамеджанов та үміткерге қолдау білдірді.


«Айналайын, Мұхамедәлі, тұсауыңды кескен адам ретінде мені сыйласаң, бұл жобада қалуың керек. Арғы жағын халық шешеді. Жалпы, Мұхамедәлінің өнерлі отбасында туылғанына, ағаларының атақты әнші болғанына оның түк кінәсі жоқ. Бұл баланың да өз бағын сынап, өз жолын табуына қақысы бар» деді композитор.


Айта кетейік, жартылай финалға дейін қарсыластарын шаң қаптырып келе жатқан Мұхамедәлі Жүгінісовке әлеуметтік желі қолданушылары «Ағаларының арқасында жеңіп келе жатыр», «Бұрыннан танылып қойған әншіні қатыстырмай, басқа адамдарға жол беруі керек еді» дегендей пікір жазған болатын.


Сондай-ақ, әнші-композитор Мархаба Сәби таяуда ғана ағайынды Жүгінісовтерге ренішін білдіріп,«Менің әндерімді рұқсатсын орындады, автор ретінде атымды көрсетпеді» деп «Инстаграм» парақшасында видеоүндеу жолдаған.


...Сонымен, тәлімгерлердің талабымен жобада қалған Мұхамедәлі Жүгінісов финалға жолдама алды. Алдағы аптада, «Қазақстан дауысы» жобасының финалында Нарқыз Жанұзақ, Азамат Төрехан, Мұса Марат және Мұхамедәлі Жүгінісов бақ сынайтын болады.