"Пешенеме үшінші некелескен жар болу жазылған екен": Ләйлә Сұлтанқызы Youtube арнасында отбасы туралы айтты

0
1 968

​Биыл қараша айында Ләйлә Сұлтанқызының жұбайы Қайрат Беркімбаев өмірден өткен болатын.


Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуі және отбасы жайлы естеліктермен Youtube арнасында бөлісті. Ол екі ұлының ағасына алғыс білдірді. Сондай-ақ, үшінші некелі жар болуды армандамағанын да атап өтті.


«Ұлдарымның екі үлкен ағасына алғысымды білдіремін. Олардың да өмірінің бір күнде астаң-кестеңі шықты. Бірақ олар бірден есін жинап, шешім қабылдау керек екенін түсінді. Кіші ұлы әкесін осы жақтан жаназасына алып барды. Үлкен ұлы арғы жақта қарсы алды. Жаназасына бүкіл Алматының адамдары келді. Қызының анасы, екі ұлдың анасы келді. Өмір ғой, менің пешенеме сол жазылған екен. Біреудің үшінші некелескен жары болуды жазған екен. Мен де біреудің жалғыз қызымын. Мен де қыз кезімде ондай нәрсені армандамаған шығармын» - деді Ләйлә Сұлтанқызы.



Тележүргізуші өмірге деген көзқарасының осы оқиғадан кейін бірден өзгергенін айтты. Дегенмен балаларға көз жасын көрсетпеуге тырысатынын айтты.



«40 күн ішінде өмірімді "дейін және кейін" деп бөлемін. Себебі, өмірге деген көзқарас, мақсат барлығы 100 пайыз өзгерді. Қанша жыл бір адаммен бір шаңырақ астында тұрып, бір нанды бөліп жеп, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көргеннен кейін адамда қимастық, сағыныш сезімі болады. Бұл сезім қырық күннен кейін өшеді немесе өзгереді деп айта алмаймын. Бұл сенің жадыңда жылдар бойы сақталады. Адам болғаннан кейін пендешілікпен қателік те жасаймыз. Жақсылық та, жамандық та біліп, білмей жасаймыз. Неге маған Құдай мұндай сынақ берді? Білем бұл сұрақты қоймауым керек. Алайда Құдай көтере алатын сынақ береді. Демек, мен оны көтере алғандықтан берді. Оңай емес, екі бала. Он баламен жесір қалғандар бар. Оңай емес. Бірақ жеңді ғой, баласы үшін жеңіп келе жатыр. Ағам дүниеден өткеніне 4 күн болғанда, алтыншы баласы өмірге келді. Мен кімге жылаймын, кімге шағымданамын? Көз алдымда жеңгем алты баласымен қалды. Өзімді-өзім кейде солай қайраймын. Өмір жалғасуда, «тұрып еңсеңді көтер» деймін. Екі балаң бар, сол екеуі сенің көз жасыңды көрмеуі керек. Қанша әйел көз жасын сығып алып, жұмысын жалғастырып жүр. Көп нәрсені жыламай айту, оңай емес», - деді Ләйлә Сұлтанқызы.


Естелік видеоның аты "Сен туралы" атауымен Ләйлә Сұлтанқызының Youtube арнасында жарияланды.