Нағима Есқалиева қалжыңдап, залды қыран-топан күлкіге қарық қылды.
ERNUR.KZ. Алматыда 9 қарашада Республика сарайында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың концерті өтті. Концертте Роза Рымбаева мен Нағима Есқалиева өз ұлдарының неге үйленбей жүргендеріне жауап іздеп, өз ойларын айтты, деп жазады Zakon.kz.
Саханада Роза Рымбаева өзінің әріптесінен: "Нағима, елдің бәрі менен неге Әли әлі күнге дейін үйленбей жүр деп жиі сұрайды. Ал осы сенің ұлың Диас неге үйленбей жүр, оның бойы да, жасы да біздікінен үлкен ғой", деп сұрады.
Бұл сұраққа нақты жауаптан қашқақтаған Есқалиева қалжыңдап, залды қыран-топан күлкіге қарық қылды.
"Ойбай, Роза, олар үйленгенше біз екеуміз күйеуге тиіп кететін секілдіміз ғой. Несі бар, айтшы? Пугачевада байға тиіп алды емес пе, біздің одан қай жеріміз кем? Одан соң, әне екі баланы дүниеге әкеліп, аяғынан тұрғызды. Біз сөйте алмаймыз ба? Халық көмектеседі. Біз екеу емес, алтауын дүниеге әкелейік. Сен бесеуін, мен біреуін", - деді Нағима әзіл-шыны аралас.
Айта кетсек, Әли Оқаповтың концерті екі сағатқа созылды. Роза Рымбаеваның баласы бүкіл әнін жанды дауыста орындап, жанын салып билеп, көрермендердің ықыласына бөленді.