«Екінші әйелге рұқсатымды бердім»
Отандық танымал актриса Шынар Асқарова қызынан кейін не себепті ұзақ жылдар бойы бала көтере алмағанын ашық айтты.
Шынар Асқарова басынан өткен ауыр жағдайды "Менің өмірім" бағдарламасында баяндап берді. Өнер иесі бір қателік салдарынан бала сүйе алмай қалғанын жасырмады.
"Балаларым көп болса екен деп армандайтынмын. Алла бір қызды бұйыртты. Соған да тәубе деймін. Он қызға татитын бір қызым бар. Одан кейін бала көтермедім емес, көтердім. Бірақ медициналық жақтан, менің тарапымнан да қателік болды. Сондай жағдайлардан кейін бала көтере алмайтын деңгейге жеттім. Сондай болып қалды. Бірақ қатты қателік деп оларға жабуға болмайды. Себебі мен де білмегенмін. Қазір медицина дамыған ғой. Бәрін жіті тексереді. Ал біздің кезде әлсіздеу болды. Маған түсік тастатты. Мен аяғым ауыр екенін білмеймін. Сол кезде олар маған бір екпені салып жібереді. Өздерінің реттік екпелері болатын. Сол кезде жұмысқа, театрға келіп тұрып, бәрімізге салған. Мен құрсағымда сәби бар екенін білмегенмін. Болғанына екі апта ғана екен. Содан кейін бала көтермедім. Бармаған жерім жоқ. Емделдік, тексерілдік. Болады деді. Бірақ бұйырмады", - деп ағынан жарылды актриса.
Шынар Асқарова отағасына екінші әйел алып беруге қатысты өз ойын айтты. Кино және театр жұлдызы өзі ұл бала сүймегендіктен, күйеуіне екінші жар алуға рұқсатын бергенін жеткізді. Ол бұл мәселеге қатысты ұзақ ойланып, ақырында күйеуіне ұрпақ сыйлайтын екінші әйел алуға рұқсатын берген. Актриса бұл ұсынысын отағасына айтқан. Алайда жолдасы мұндай қадамға бармайтынын түсіндірген.
"Мен бұл жайында ойландым. Оған талай рет айттым. Ойнап қалжыңдап айтып келдім. Бірақ соның астында бір шынайы айтқан кездерім де болды. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. "Егер көңіліңіз суып жатса, егер басқа біреуге көңіліңіз ауып тұрса, мүмкін бір сондай арман-тілектеріңіз болса сіз маған айтыңыз. Ана жақта, мына жақта болмайық. Келісейік, мен рұқсатымды беремін. Сізге екінші әйел алып беруге де дайынмын. Себебі өмір бір рет қана беріледі. Сен ер азаматсың, сенде ұрпақ қалу керек" деп айттым. Ол болса беті қызарып маған күледі. Мен айтып аламын да, бар ма, жоқ па екен деп қызғана бастаймын. Маңдайымызға жазбасын ондайды. Ол кезде қандай күй кешетінімді білмеймін. Қазір осылай сайрап отырмын. Кейін қызғаныштан өлтіріп қоямын ба? Ол ондайға бармайтынын білемін", - деді өнер иесі "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұхбатында.