"Апыр-топыр күйеуге шығып кеттім".
Көпшілікке "Келінжан" телесериалы арқылы кеңінен танылған продюсер Гүлнұр Мамасарипова алғаш рет жеке өмірі жайында ақтарылды. Белгілі продюсер "Менің өмірім" бағдарламасында күйеуімен қалай танысқанын, отбасылық өмірде қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін, қайынжұртымен қарым-қатынасы туралы сыр шертті.
- Мен кемпірдің ерке қызы болдым. Күйеуім екеуміз бір жыл жүріп үйлендік. Махаббатымыз КазГУ қалашығында басталған. Апам "Сенсіз қалай өмір сүремін, Алматыда неше түрлі жақтың жігіттері бар. Алысқа кетпе" деп қатты қорықты. Қазір ойласам, апамның өзінің травмасы боп тұр ғой. Ол кісіден ешнәрсе жасырмайтынмын. Жігіттер хат жазса көрсететінмін. Хат жазғанда қате жіберетін оңбағандарға жыным келетін. Дұрыстап жазу жаза алмай жүріп маған қалай хат жазасың деп ұрсатынмын. Апама оқып беретінмін. Апам "Қой болмайды, мына бала" деп күлетін. Сосын күйеуіммен сөз байласқанда "Орталықтың баласы" деп айтып ем, шыққан жерін таниды екен. Қуанып кетті. "Танитын сырмінез, өсіп-өнген жер. Мен қарсы емеспін" деп бірден кірісіп кетті. Солай апыр-топыр күйеуге шығып кеттім, - дейді Гүлнұр ханым.
Продюсердің айтуынша, күйеуімен отасқанына келер жылы 30 жыл болады екен.
-Сол заманда ақымақ кезімде шығып кеткенім жақсы болған. Кейінге қалып қойсам күйеуге шықпай қалар ма едім. Өйткені, менде сондай потенциал болды. Мектепті "Алтын белгіге" бітірдім. Өте белсенді оқушы болдым. Менің ата-анам мен айналам мансап қуалайды деп ойлады. Ғылым жолын таңдап, профессор болғанымды қалады. Өзім заң факультетіне түсіп, сот болғым келетін. "Волганың артында отырамын, жүргізушім болады. Костюм-юбка киіп жүретін боламын" деп солай елестететінмін.
Негізі мені ерте күйеуге шығып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ, - дейді.
-Үлгілі отанасы ретінде отбасы тұтастығы туралы не айтасыз?
-"Все мы отрицаем врачей, пока не заболеем. Мы все отрицаем психологов, пока это не коснется наших детей" деген сөз бар. Сондықтан да кесіп-пішіп осыдан 10 жыл бұрын айтар ма едім?! Адам өскен сайын әрбір сөзін ойланып айтуға тура келеді екен. Қазір жердің астындағының бәрі үстіне шығып кеткен заман болды ғой. Баяғыда біреуге бірнәрсе айтқанда "Өмір - бумеранг" дегенді ойламайтынсың. Қазір алдыңнан неше түрлі нәрселер атып шығады. Ойлап қарасаң, ұсақ-түйек сияқты. Бірақ, бәрі рас. Мен тағдыр дегенге сенемін. Егер адам өзі еңбектеніп, қажыр-қайратын салса Алланың да оған жоспары өзгеруі мүмкін деген нәрсеге сенемін. Екі қолыңды қусырып отырып ешнәрсе істемесең, түк шықпайды.
- Қазір ажырасып жатқан жұптар жетерлік. Ажырасуға көзқарасыңыз қандай?
- Ажырасу қашанда болған. Бұрынғы заманда қазіргідей интернет болмағандықтан, елдің алдына шыға бермейтін еді. Ал қазір бәрі елдің көз алдында.
Егер махаббат болса, сен бәріне төзесің. Қиындықты бірге еңсересің. Егер махаббат жоқ болса, төбесіне алтын құйып қойсаң да, ол адам түбінде кетеді.
Мәселен, біз 30 жыл өмір сүру үшін күніге Қыз Жібек пен Төлеген болып бір-біріміздің бетімізге қарап отырған жоқпыз ғой. Біздің де басымыздан талай нәрсе өтті. Ұрыстық, таластық, қырылыстық, қаншама күйзелісті сәттерді өткердік. Бірақ, түбінде біз біргеміз. Менің тұлға ретінде қалыптасуыма тыйым салмағаны үшін құрметтеймін. Ал тыйым салатындар да көп қой. Үлкен қызым Дананы КазГУ-дың бесінші жатақханасында, Сараны тоғызыншы жатақханада жүріп босандым. Ғайникамалда ғана ақылы бөлімге жатып босанғанмын. Ауылға барып балам қырқынан шыққанша айлап ата-ененің қолында тұрдым. Бір бөлмелі үйде тұрып, одан екі бөлмелі үйге көштік. Екеуміз жабылып үй салдық. Мен қазір Кеңес екеуміздің арамызда махаббаттан да күшті бірнәрсе бар деп айтушы едім. Біз екеуміз әлемдегі ең жақын адамдарға айналып кеттік.
- Күйеуіңіздің мамандығы қандай?
- Күйеуімнің мамандығы - заңгер. Тәртіпке бағындыра алатын, өзінің кестесі бар. Міндетті түрде таңертең ерте тұрады. Мен сияқты "лаққан" адам емес. Жұмысында да, үйде де өте тиянақты. Оның көлігі қашан көрсең тап-таза болып тұрады. Менің көлігіме жыны келіп жүреді. Бәрін уақытында істегенді жақсы көреді. Үйге киетін киімді сыртқа, сыртқа киетін киімді үйге кимейді.
Гүлнұр Мамасарипова сонымен қатар әлі күнге ата-енесіне, қайынжұртындағы үлкендерге сәлемін үзбейтінін де айтып қалды.
"18 жасында күйеуге шықтым. Мен балалықпен көп нәрсе жасадым. Әлі күнге дейін ата-енемнің үйіне барғанда көлікте трико, кепкамен барсам да, есіктің алдына жақындағанда халат, орамалымды ауыстырамын. Кейде "Сен енді сәлем салмай-ақ қой" деп айтады. Бірақ, өзім ыңғайсызданамын", - деді жеке өмірінен сыр шерткен продюсер.