"Жағымпаз​": Кеше ғана тұрмысқа шыққан Жорабаева сынға қалды

0
5 804

"Араласпайтын жерің жоқ екен! Жас келін деген әр жерге кірісе бермейді!​"


Танымал әнші, кеше ғана жаңа өмір бастап, екінші рет тұрмысқа шыққан Алтынай Жорабаева Алматы қаласы ПД-нің бөлім басшысы, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбекке қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында жазба арнады.

Әнші халықты Салтанат Әзірбекті қолдауға шақырған. Өнер иесі соңғы күндері болып жатқан жағдайларға байланысты әлеуметтік желілерде Салтанат Қуанышбекқызының тарапына айтылып жатқан сындардың, пікірлердің орынсыз екенін айтып шырылдаған.

«Мен Салтанат Әзірбекті өте жақсы танимын. Салтанат шын мәнінде адами қасиеттері өте жоғары бағаланатын, өз ісінің кәсіби деңгейдегі маманы. Адамдық қасиеттері, оның ішінде адалдығы, парасат пайымы, білімділігі, жан-жақтылығы, адамгершілігі, мейірімділігі кез-келген адамның бойынан табыла бермейді. Соңғы жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде Салтанат Қуанышбек қызын ешнәрсенің байыбына бармастан қаралап жатқандардың әрекеттері қуанта қоймады. Кез-келген жағдайда орын алған оқыс оқиғалар мен қылмыстар жайлы ақпаратты толық зерделеп, коғамға және БАҚ өкілдеріне тарату бір сәтте жүзеге асатын шаруа емес екендігі түсінікті. Сондықтан да соңғы жағдайларға қатысты кейбір БАҚ өкілдері Салтанат ханымның нақты ақпаратты таратқанға дейінгі алғашқы жасаған мәлімдемесіне шүйлікті. Ал нақтыланған ақпарат пен оқиғаның шын мәнісі кейінірек белгілі болғандықтан барлық кінәны Салтанатқа жаба салу дұрыс емес екендігін нық сеніммен айта аламын. Қазіргідей аласапыран ақпарат майданында Алматы қаласы полиция Департаментінің ресми өкілі қоғаммен полиция арасында алтын көпір болып отырғандығы айдан анық. Сондықтан да, біз Салтанат сияқты кәсіби деңгейдегі сақа маманға қолдау көрсетуіміз керек. Ал қаза тапқан жандар иманды болсын! Отбасына Алла сабыр берсін!» - деп жазған Алтынай Жорабаева.

Алтынайдың қолдау жазбасын оқыған әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген.

"Жағымпаз", "Араласпайтын жерің жоқ екен! Жас келін деген әр жерге кірісе бермейді!", "Алтынай сен адвокат болып кеткенсің бе?", "Араласпайтын жерің жоқ екен, соған қарағанда пайдасы көп тиген-ау", "Алтынай ханым, сіздер бірге араласып жүрген соң бәрін білем деп ақтамай-ақ қойыңыз!", "Сенің онда не жұмысың бар? Одан да жаңа күйеуіңе көңіл бөлсей. Сонша сын естіп не керек?" - деп жазады сынға алған оқырмандары.

Ал екінші бөлігі, әншінің жазбасын дұрыс көріп, Салтанат Әзірбекті қолдау керек екенін жазады.

"Өз қызметі шеңберінде жазасын алды. Қателеспейтін адам жоқ. Органда әйел адам бірнеше жылдар бойы мінсіз қызмет атқарды. Бір сүрінгенге төпелеудің қажеті жоқ. Ол да пенде", Өте орынды айттыңыз, Салтанат өз ісінің хас шебері", "Қолдаймыз, қазағымыздың мықты қыздарының бірі. Әйел онрына әйел, еркек орнына еркек болып жұмысын атқарған!" - дейді желі қолданушылары.

Еске салайық, 25 мамырда Алматы облысындағы блокпоста қайғылы оқиға орын алып, салдарынан екі полиция қызметкері қаза тауып, 1 қызметкер ауруханаға жеткізілген болатын. Аталған оқиға қоғамда үлкен дау туғызды. Оның туындауына бірден-бір себеп болған жағдай, екі бірдей полиция қызметкерінің өліміне кінәлі адам да полицияда жұмыс істейтін болып шыққаны.

Алайда алғашқы таратылған ақпаратта күдіктінің полиция қызметкері екені жоққа шығарылған болатын. Мұндай нақты ақпаратты Алматы қаласы ПД-нің бөлім басшысы, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек берген. Кейін бұл ақпараттың бұрмаланып жеткізілгені және күдіктінің органда жұмыс істейтіні анықталып, бірқатар лауазымды қызметкерлер жұмыстан босатылып, бірқатары қатаң сөгіс алған болатын.

ERNUR.KZ.