"Жаңаша өмір сүремін": 65 жастағы диджей әжей түнгі клубтарға шықпақшы (видео)

0
2 300

Жұлдыз болған әжей жасына қарамастан өзін 18 жастағы қыздай сезінетінін алға тартты.


ERNUR.KZ. Небәрі бірнеше сағатта күллі Қазақстанға танылған 65 жастағы диджей Ұлттық арнадағы бағдарламалардың біріне берген сұхбаты кезінде, енді түнгі клубтарда өнер көрсететінін мәлімдеді, деп жазады kaz.nur.kz.

Бір күнде жұлдыз болған әжей жасына қарамастан өзін 18 жастағы қыздай сезінетінін алға тартты. Ол бұрыннан бері музыканы жақсы көретінін, оған қоса музыкант балалары тыңдайтын әуендермен сусындап келгенін де жасырмады.

"Пенсиядамыз ғой. Барлық балалар өзінше өсіп кеткеннен кейін басқа не істейсің? Балалардан естіп жүріп жаттап алған музыкам ғой. Кеше Арбатта бірінші рет жұмыс істедім. Енді клубтарға шақырып жатыр, сонда шығамын", - деп ағынан жарылды ол.

Сондай-ақ, диджей әжей арманда кеткен ісін енді қолға алып, музыкамен бірге өмір сүретінін сөз етті. Ол енді жаңа өмір бастайды екен.

"Жас кезімізде көп арман орындалмай қалды емес пе? Енді қашанғы қазан-ошақтың қасында отырамыз? Құрдастарым:"Ой, ұят болады" деп бір-бірден о жаққа кетіп жатырмыз. Мен кеткім келмейді. Әлі жаспын. Осылай жаңаша өмір сүргім келеді", - дейді әжей.

Сонымен қатар, 65 жастағы әйелдің айтуынша, өзіне ұсыныс тастап, ақылы жұмысқа шақырған адамдар да табылған.