«Жігітімнің көзін құртты»: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовке қалай күйеуге шыққанын айтты

0
10 712

«Өмір бақи қарғыс естіп келемін»


«Жігітімнің көзін құртты»: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовке қалай күйеуге шыққанын айтты

Jibek Joly телеарнасындағы «Жақсы адамдарым» бағдарламасында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың өміріне, өнеріне қатысты ерекше дәйектер айтылды. Әнші әкесінің жетім өскенін, анасының өзінің әнші болуына қарсы болғанын айтты.

«Ешкім сұрамаса да ән айтып тұрып алатын қасқыр қыз болғанмын. Қонақтар келгенде маған қол соқсын деп ән айтып тұрып алғанда «Бар, болды енді, аузыңды жап, қонақтар шәй-тамағын ішсін» деп шығарып жіберетін. Анам менің талантымның бар екенін «Гүлдер» ансамбліне қабылданғанымда бір-ақ мойындады», - деді Мақпал Жүнісова балалық шағына саяхат жасап.

Ал белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев жасырақ кезінде Мақпал Жүнісоваға ғашық болғанын, тіпті, арнайы ән де арнағанын айтып, елді елеңдетіп қойды.

Мақпалдай қазақтың жұлдызы, бұлбұлын ең алғаш көргенім 1980 жылдары еді. Ол кезде Жамбыл облыстық филармонияның директорымын. Ол гастрольдік сапармен бірнеше күн Жамбылда болды. Домбырамен ән айтқан кезде әр әнші мен күйшіге сын көзбен қарайтынмын. Мақпалдың ән айтқанына, шынымды айтайын, шалқамнан түстім. Онда мен де жаспын, Мақпал менен де жас. «Ақбұлақ», «Бір ауыз сөз», «Терме» әндерін тыңдап, ғашық болдым. Мақпалға арнап «Мәңгілік махаббат» деген ән де жазғанмын. Оны кезінде өзі орындады. Сол кезде Мақпалды жақын көрдім. «Әгугай домбыра», «Өмір де өмір, өмір-ай», «Сәлемдеме», т.б. әндерімді орындады, - деді Алтынбек Қоразбаев ағынан жарылып.

Кеш иесі Мақпал Жүнісова жеке өмірі туралы, Заманбек Нұрқаділовпен қарым-қатынасы, ел ішіндегі гу-гу әңгімелер жайында да сырын ақтарды. «Ол маған ессіз ғашық болды да, жүріп жүрген Әділ деген жігітімнің де көзін құртты. «Сені алмай тынбаймын» деді. Сосын көнуге тура келді. Мен жалпы біреудің отбасын бұзамын деп армандамаған адаммын», - деді ол.

– Алматыда «Мақпал» деген ателье болды. Бірақ, маған дейін 20 жыл бұрын ашылған. 1991 жылы Зәкең екеуміз қосылдық қой. 1990 жылы «Азия даусына» қатысқанда Заманбек Қалабаевич қазылар алқасының құрамында отырған. Бірақ, мен Гран-при алған жоқпын. Маған екінші орын бұйырды. Бас жүлдені Роксанаки деген үш жігіттен құралған трио алды. 1991 жылдары Зәкең маған көмекшілерін жіберіп, ғашықтығын білдіріп, жүгіріп жүрген кез. Мен қашып жүрем, ол кісі қуып жүреді. Ол кезде Әділ деген жүріп жүрген жігітім болған. Мен жалпы біреудің отбасын бұзамын деп армандамаған адаммын. Сол кісі ғашық болды да, жігітімнің де көзін құртып жіберді. Бәрін өз орнына қойды да, «Сені алмай тынбаймын» деді. Мен бастықтардан қорқам. Сосын көнуге тура келді. 2 жылдан кейін ғашық болдым. Жалпы сол кісімен тұрғаныма өкінбеймін.

Өте білімді, жүрегі нәзік, қазақ халқына жасаған жақсылығы көп. Шынын айтқанда, сондай азаматты көкірегінен итере алмадым. Бірақ, өмір бақи қарғыс естіп келе жатырмын. Соның бәріне Зәкең үшін төзім, кешіріммен қарадым. Оңай болған жоқ.

Әңгіме неден шықты? «Азия даусы» байқауына киген костюмді «Мақпал» деген ателье тікті ғой. 1991 жылы елге мәлім болған кезде халық деген «Еее, анау Мақпал тоқалына «Мақпал» деген ателье ашып беріпті» деп өсек таратты. Шындығында, ол ателье 20 жыл бұрын ашылған. Бізде сондай қаңқу сөздермен адамның жүйкесінтоздырады ғой. Ол кезде ондай сөздерге үйренбегенмін, жаспын. Сондықтан, көп жыладым. Күресуге де, төзуге де өмір өзі үйретеді екен, - деп қазақтың ерке қызы өткен өміріндегі қиындарымен де бөлісті.