​КАТАРАКТА: себебі, белгілері және емі

0
11 679

Жарықтың өшкенін қаламасаңыз, жанарыңыздың саулығын сақтаңыз.


​КАТАРАКТА: себебі, белгілері және емі

фото: oldsurgut.vizus1.ru

Катаракта – көздің ішіндегі биологиялық линзаның қызметін атқаратын көз жанарының мөлдірлігінің бұзылуы. Яғни, көз ішіндегі линза бұлыңғырланып, жарық сәулелері көз торына жетпейді. Бұл ауру жасқа байланысты басталады. Жастардың көз жанары қашықтықты да, жақынды да жақсы көреді. Жас ұлғайған сайын жанардың серпімділігі пен мөлдірлігі жоғалады.


КАТАРАКТА неден болады?

Жоғарыда айтып өткеніміздей жасқа байланысты белең алатын ауру. Демек, адам қартайған сайын көру қабілеті нашарлайды, жанарының алдын қараңғылық қаптап, бұлдырай бастайды. Одан бөлек:

  • көз жарақат алса;
  • химиялық немесе термиялық соққы алса;
  • көзге ұзақ уақыт ультракүлгін сәуле түссе;
  • алыстан нашар көрсе;
  • қант диабетіне шалдықса;
  • глаукома, көздің ішкі тор қабығы қабатталса және басқа да көз ауруларына шалдықса соңы катарактаға алып келеді.


Ал балалардағы катарактаның пайда болуына:

  • тұқымқуалаушылық;
  • жүкті кезіндегі қабылдаған дәрілер;
  • сәби кезінде жұқтырған инфекциялық ауру;
  • анасы жүкті кезінде қабылдаған темекі мен ішімдік себеп болады.

Мұндай дертке шалдыққан балаларға офтальмолог дәрігер ота жасауды ұсынады. Егер 2 жасқа дейін ота жасалса, сәтті әрі нәтижелі болады. Егер уақыт өткізіп алса, баланың көз жанарын қалпына келтіру қиындау болмақ. Сондықтан да ана бала денсаулығы үшін өте батыл шешім қабылдауы керек.

фото: ig-store.ru


КАТАРАКТАНЫҢ белгілері

Негізгі белгісі – көздің көмескі тартуы, яғни кез келген нәрсе бұлыңғыр болып көрінеді. Оған қоса:

  • қарашықтың мөлдірлігі жойылып, түсі өзгереді;
  • көзге қос көрінеді;
  • көзілдірік немесе линза кигенде ғана айнала анық көрінеді;
  • қараңғы түскенде көздің алдын дақ басады;
  • түсті ажырата алмайды;
  • жарыққа қарау қиындайды.

Егер осы және өзге де жайсыздықтар мазаласа, міндетті түрде көз дәрігеріне тексерілу керек.


КАТАРАКТАНЫ отасыз емдеуге бола ма?

Мұның нақтысын дәрігерлер айтады. Десе де, құрамында дәрумендері, антиоксидант пен ферменті бар тамшылар катарактаның ары қарай асқынуына жол бермейді. Бірақ көз жанарының мөлдірлігін қайтара алмайды. Ең тиімді әрі сенімді емі – микрохирургиялық ота екенін ескеріңіз. Ота кезінде бұлыңғыр болған жанарды алып, орнына жасандысын қояды. Науқасқа жергілікті жерге жансыздандыратын дәрі егіледі. Сосын ота жасалады. Ота ұзағымен 15-20 минут уақыт алады. Ота сәтті өтсе науқас ертеңіне-ақ үйіне жіберіледі.


Ота жасалған науқастың күтімі қандай?

Науқас денсаулығына аса күтіммен қарауы тиіс. Салауатты өмір салтын ұстануға міндетті.

  • Салқын не ыстық ауаға шығуға болмайды.
  • Кітап оқуға, теледидар қарауға, жазу жазуға рұқсат етілмейді.
  • Ауыр зат көтеруге, жүгіруге, секіруге болмайды.
  • Ыстық моншаға, бұлауға түсуге, суда жүзуге тыйым салынады.
  • Газды, алкоголді сусындар ішуге болмайды.

Мейлінше көз саулығына мұқият болып, дәрігер тағайындаған тамшыны үзбей тамызып жүру керек.

фото: linzopedia.ru


КАТАРАКТАДАН қалай сақтану керек?

Көз – ең маңызды әрі керек мүше. Онсыз айналаны қараңғылық қаптайды. Жүрегіңізді де, санаңызды да соқырлық билейді. Көз жанарынсыз ештеме қызық емес. Сондықтан да көзге ерекше күтім қажет. Оның саулығына өте мұқият болғаныңыз жөн. Көзді вирустық, инфекциялық аурулардан қорғаңыз. Қандай да бір жайсыздық сезілді ме, дереу көз дәрігеріне тексеріліңіз. Көздің қызаруы, жасаурауы, қышуы да қандай да бір дерттің бастау алғанын білдіреді. Егер жанарыңызды қараңғылықтан сақтағыңыз келсе, онда:

  • темекіден, спиртті ішімдіктен мүлде бас тартыңыз;
  • артық салмақпен күресіңіз;
  • физикалық белсенділік танытыңыз, үнемі қозғалыста болыңыз;
  • көзді ультракүлгін сәуледен қорғаңыз, міндетті түрде көзілдірік киіңіз;
  • жылына екі рет көзіңізді тексертіп тұрыңыз;
  • көзді жарақат алудан, ұрып алудан, жырып алудан сақтаңыз;
  • күнделікті тамақтану мәзіріне көкөністер мен жемістерді қосыңыз. Құрамы А және Е дәруменіне бай азықтарды көбірек тұтыныңыз.


Жарықтың өшкенін қаламасаңыз, жанарыңыздың саулығын сақтаңыз. Жанарыңыз арқылы барлық жақсылықты, жақсы нәрсені көре аласыз.


Дереккөз: moezdorovie.ru


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


КЕФИР ішекті ШЛАКТАН тазалайды


Кімге ҚАУЫН жеуге БОЛМАЙДЫ?


Мына АЛТЫ жағдай ИММУНИТЕТТІ әлсіретеді